Алматы тұрғындары "Бауыржан Момышұлы" метро бекетіндегі ұзын-сонар кезекті видеоға түсіріп алған. Бұл жағдайға қатысты Көлік басқармасы түсініктеме берді, деп хабарлайды astana24.com.
Dauletkyzy_aknur есімді қолданушы Threads желісінде "Бауыржан Момышұлы" метро бекетіне кіру үшін ұзын-сонар кезекте тұрған жолаушлардың видеосын жариялады.
"Бауыржан Момышұлы бекеті, сағат 08:30-дағы кептеліс. Не масқара мынау", – деп жазды ол.
Желі қолданушысының бұл жазбасы қызу талқыға түсті. Қала тұрғындарының көбі метро жұмысын ертерек бастауды сұрап, пікір қалдырған.
"Қалқаманды" ашса, кезек көшеден басталады", "Таңертең интервалды қысқартуға болмай ма? Төменде де осындай қалың нөпір", "Бұл соңғы станция болса, басқаларында не болып жатыр", "Таңертең құрамдарды тоқтаусыз жіберу керек", "Жердің үстінде ғана емес астында да кептеліс екен ғой", "Таксидің бағасы ұшып кетті ғой, содан болар бәрі метромен жүргені, әдетте мұндай болмаған", – деп жазады желі қолданушылары.
Бұл жазбаға қатысты Алматы қаласы Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының өкілдері пікір білдірді. Олар "Метрополитен" КМК ұсынған ақпаратты жариялады.
"Метрополитеннің" мәліметінше, "Б. Момышұлы" бекетінде жолаушылардың жиналып қалуы бірнеше автобустың бір уақытта келуімен байланысты, бұл жолаушылар ағынының артуына және турникеттерде кезек пайда болуына әкеледі.
Бекетте екі вестибюль жұмыс істейді, онда 12 турникет қойылған: 4-еуі QR жүйесі арқылы, ал 8-і "Оңай" жүйесі арқылы төлем жасауға арналған. Бекітілген кестеге сәйкес, бір ауысымда 4 қызметкер жұмыс істейді.
"Қосымша кідірістер жолаушылардың мобильді қосымшалар арқылы төлем жасау кезіндегі қиындықтарына және кейбіреулерінде баланстың жеткіліксіз болуына байланысты туындайды. Мұндай жағдайларда бақылаушылар қажетті көмек көрсетеді.
Сонымен қатар бірінші вестибюльдің жоспарлау ерекшеліктері жолаушылар ағыны жоғары уақытта өткізу қабілетін шектейді. Станция штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Метрополитен қызметкерлері жолаушылардың турникеттерден ұйымдасқан түрде өтуін қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылдап жатыр", – делінген жауапта.
Смотреть в Threads
