Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрлігі ескі көліктерді кәдеге жаратуға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды astana24.com ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында қазақстандықтардың ескі автокөліктерін кәдеге жаратуға тапсырып, жаңа көлік құралдарын сатып алуға жеңілдік сертификаттарын ала алатыны туралы ақпараттың таралуына байланысты Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен "Жасыл даму" АҚ түсініктеме беруді қажет деп санайды", – делінген ведомство хабарламасында.
Министрлік қазіргі уақытта кәдеге жарату бағдарламасы аясында пайдаланудан шыққан көлік құралдарын жеңілдік сертификаттарын бере отырып қабылдау жүзеге асырылмайтынын атап өтті.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, мұндай ақпараттың жариялануына Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің 2026 жылғы 6 қазандағы бұйрығының бекітілуі себеп болды. Аталған бұйрықпен көлік құралдары мен өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын кәдеге жаратуға тапсырғанын растайтын құжаттарды беру қағидалары, сондай-ақ жеңілдік сертификаттарын ұсыну және пайдалану тәртібі айқындалған.
"Аталған бұйрықтың қабылдануы бағдарламаның нақты іске қосылғанын және автокөліктерді кәдеге жаратуға қабылдау басталғанын білдірмейді. Құжат бағдарламаны іске асырудың құқықтық тетіктерін, атап айтқанда, жеңілдік сертификаттарын беру тәртібі мен шарттарын, оларды беру (қайта тіркеу) және отандық өндірістегі көлік құралдары мен ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу кезінде пайдалану тәртібін белгілейді", – делінген Экология министрлігінің мәлімдемесінде.
Бұйрық 2026 жылғы 25 қазаннан бастап күшіне енеді.
Алайда, ведомство мәліметінше, көрсетілген күн көлік құралдарын қабылдау мен жеңілдік сертификаттарын берудің басталатын күнін білдірмейді.
"Пайдаланудан шыққан көлік құралдары мен өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын кәдеге жаратуға тапсыру тәртібі Экология және табиғи ресурстар министрінің 2023 жылғы 27 қарашадағы № 332 бұйрығымен бекітілген Қағидалармен реттеледі. Аталған қағидалар аясында қазіргі уақытта "Жасыл даму" АҚ пайдаланудан шыққан көлік құралдарын қабылдауды және кейіннен кәдеге жаратуды қамтамасыз ететін қайта өңдеуші кәсіпорындарды іріктеу жұмыстарын жүргізуде" , – делінген мәлімдемеде.
Қажетті рәсімдер аяқталып, тиісті шарттар жасалғаннан кейін бағдарламаның іске қосылу мерзімдері, қатысу шарттары және қабылдау пункттерінің мекенжайлары туралы ақпарат министрлік пен "Жасыл даму" АҚ-ның ресми ақпараттық ресурстарында қосымша жарияланатыны атап өтілді.
