in

Қазақстандық боксшылар жастар арасындағы әлем чемпионатында сегіз медаль жеңіп алды

Бокстан Қазақстан құрамасы Черногорияның Будва қаласында өткен 19 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатын бір алтын, үш күміс және төрт қола медальмен аяқтады. Бұл туралы ҚР ҰОК-ке сілтеме жасаған astana24.com хабарлайды.

Қазақстан қоржынына жалғыз алтын медальді 80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Зарина Толыбай салды. Финалда ол Ресей өкілі Самира Итониеваны жеңді.

Тағы үш қазақстандық боксшы күміс жүлдегер атанды.

Шешуші кездесуде Алина Құдайгенова (57 келіге дейін) ресейлік Анастасия Голуновадан жеңілсе, Бибарыс Әшірбай (70 келіге дейін) ирландиялық Джон Донохиге есе жіберді, ал Владислав Саможонов (90 келіден жоғары) Өзбекстан өкілі Ислам Салиховтан айласын асыра алмады.

Қола медальді Мадира Жұмақан (51 келі), Индира Қыдырмолдаева (60 келі), Данияр Ақбисенов (60 келі) және Еркетаң Жарқынбек (90 келі) иеленді.

Жалпыкомандалық есепте бес алтын және бес күміс медаль жеңіп алған Ресей құрамасы бірінші орынға шықты.

Үш алтын, екі күміс және екі қола медаль еншілеген Өзбекстан боксшылары екінші орынға тұрақтаса, екі алтын, бір күміс және екі қола медаль алған АҚШ құрамасы үздік үштікті түйіндеді.

Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте төртінші орынға жайғасты.