in

"30 жыл күткен": Атырауда 2 млрд теңгеге салынған балабақша неге ашылмай жатыр

Атырауда миллиардтаған қаржыға салынған әлеуметтік нысанның ашылуын халық асыға күтуде. Алайда құрылысы көктемде аяқталған балабақша айлар бойы құлыптаулы тұр. Ал оны 30 жыл күткен тұрғындар алаңдап отыр, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Атырау қаласы іргесіндегі Талғайран ықшамауданының тұрғындарының айтуынша, 30 жыл күткен балабақшаның құрылысы көктемде аяқталыпты. Алайда түрлі сылтаумен, әкімдік оны әлі ашпай отыр деп налиды.

"Наурыз айында бітті. Балалар күніне ашылады деп дәмеленіп едік, ашқан жоқ. Қыркүйекте ашатын болды деді. Қыркүйек те өтті. Енді мүлдем ашпайды деген хабар естіліп жатыр. "ТЖ жібермей жатыр" дейді, білмеймін. Мына балабақшаны ашатын ТЖ хабарын берсін. Бәрін соған аударып жатыр", – дейді Назира Жалмұханова.

Балаларды шалғайдағы балабақшаларға тасудан шаршадық, дейді жұрт. Бақандай 10 шақырымға жуық Бесікті ауылындағы нысанға алып барады екен. Қоғамдық көлік те уақтылы жүрмей, кешіксе, қабылдамай, жұрт бейнет көріп жүргенін айтады.

"Екі балам балабақшаға барғысы келіп тұр. Мында апарып, өзім жұмысқа кіргім келеді. Бұның тұрғанына да бәлен жыл болды. Оны салғанда, іргетасын қалап, содан бір жыл тұрды, келесі жылы тағы тұр, сол күйі құрылысы біткен жоқ.

Күнде қараймыз, қабырғасы тұр. Бір күні мәз болып қуанармыз, жарығы жанды, "Қашан барамыз?" деген бір сұрақ, бір сөз. Біресе олай, біресе бұлай дейді, қайтып бұзамыз дейді", – дейді Динара Байғалиева.

Бірнеше ай бойы айтылып келе жатқан сылтаулардан соң, тұрғындарда күмән туған. Ауласы құлыптаулы. Тұрғындар бұл балабақша "бұзылуы мүмкін" деген қауесет тарағанын да айтады.

Сондықтан айлар бойы ашылмай тұруына сапасыз құрылыс та себеп болуы мүмкін. Алайда жауапты басқармадағылар  құрылысында "мін жоқ" деп отыр.

Тек өрт қауіпсіздігі бойынша құжаттарда қателіктер бар, реттеліп жатыр, жуырда ашамыз деді.

"Осы нысанды өрт қауіпсіздігіне байланысты аяқтай келіп, тексеріп кетеді. Содан кейін 15 қарашаға дейін шешімін шығарамыз. Желтоқсан айында нысанды пайдалануға береміз. Пайдалануға бермей жатқан себебіміз — өрт қауіпсіздігі мәселесі", – дейді Атырау облысы құрылыс басқармасының бөлім басшысы Ернар Қадырбай.

Осылайша жергілікті билік нысанды "желтоқсан айында ашамыз" деп уәде етті. 280 балаға арналған балабақшаның құрылысы 2023 жылы басталған. Жоба құрылысына  2 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалыпты.

Дереккөз: КТК телеарнасы