Меруерт Өтекешова өзінің жұбайы, "Қыз Жібек" фильмі арқылы танысып, шаңырақ көтерген жұбайын ел алдында "Құман аға" деп атағанын айтты. Бұл туралы ол "Айқын" басылымына берген сұхбатында жеткізді.
Ол сұхбат кезінде өмірі, шығармашылық жолына кеңінен тоқтала келе, жұбайы, марқұм актер Құман Тастанбековке қатысты қызықты деректі бөлісті.
"Құман аға өнерде ғана емес, өмірде де жаны сұлу адам еді. Мен үшін дүниедегі ең сұлу адам – әкем. Одан кейін Құман аға деп айтар едім. Оның адамгершілігі, ішкі мәдениеті, болмысы ерекше болатын.
Кино түсірілімінде бір-бірімізге ғашық болмасақ та, экран арқылы ғашық жандардың сезімін шынайы жеткізуге тырыстық. Актердің міндеті де – өзі сезінбеген дүниені кейіпкердің жан дүниесі арқылы көрерменге сенімді етіп жеткізу. Бұл үшін рөлді сырттай сомдау жеткіліксіз. Кейіпкердің ішкі әлеміне еніп, оның қуанышы мен қайғысын, арманын түсінуің керек.
Құман аға екеуміздің шығармашылық жолымызда Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының да орны ерекше. Бұл театр екеуміз үшін үлкен мектеп болды. Өміріміздің талай белесі осы сахнамен байланысты өтті.
Мен Құман ағаны көпшіліктің алдында әрдайым құрметпен "аға" деп атаймын. Үйде басқаша атайтынмын. Бірақ ел алдында ол кісінің орны бөлек екенін әрдайым сезінемін. Қадірін білемін, ерекше құрметтеймін", – деді ол.
