Қызылорда қаласындағы А. Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай "Киізден өрілген тарих" атты киіз фестивалі ұйымдастырылды. Ұлттық қолөнерді дәріптеуге, дәстүрлі өнерді жаңғыртуға және ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға бағытталған шараға қолөнер шеберлері мен өнерсүйер қауым қатысты.
Фестивальдің негізгі мақсаты – халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасқан киіз басу өнерін кеңінен насихаттау, ұлттық қолөнер шеберлерінің шығармашылығын қолдау және атадан балаға мирас болған дәстүрді жас ұрпақтың бойына сіңіру.
Мерекелік шара ұлттық нақыштағы театрландырылған қойылыммен ашылды. Көрермендерге қолөнер шеберлерінің шығармашылық жұмыстары мен сән топтамалары ұсынылды. Атап айтқанда Айзат Мырзаеваның Golden Bosaga сән топтамасы, Дәрігүл Таңатарова жетекшілік ететін "Асыл мұра" шығармашылық тобының "Киіз келбеті" топтамасы және New Art шығармашылық тобы әзірлеген ұлттық нақыштағы заманауи киіз бұйымдары көпшілік назарына ұсынылды.
Фестивальдің ерекше жаңалығы – Сыр өңірі қолөнершілерінің халықаралық деңгейде мойындалған жетістіктерінің таныстырылуы болды.
Айта кетейік, 2026 жылғы 29 қазанда Астана қаласындағы әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында "Өнермен өрілген Қазақстан: киізбен жазылған тарих" атты ауқымды шығармашылық жобалардың таныстырылымы өткен еді. Оған еліміздің әр өңірінен қолөнершілер, педагогтер мен оқушылар қатысып, қой жүнінен жасалған көлемі 7×4 метр болатын Қазақстан картасы және 750-ден астам киіз картина көпшілікке ұсынылды.
Аталған жобаға Қызылорда облысының қолөнершілері де белсене атсалысты. Өңір шеберлері 250-ден астам киіз картина әзірлеп, ортақ көрменің мазмұнын толықтырды. Нәтижесінде ұлттық қолөнерді ұлықтаған бұл ауқымды шығармашылық жобалар Global Book of Records халықаралық рекордтар кітабына енді.
Кеше халықаралық рекордтар кітабына тіркелген туындылар Қызылорда жұртшылығына таныстырылып, қала тұрғындары мен қонақтары ұлттық өнердің озық үлгілерін тамашалауға мүмкіндік алды.
Шара барысында киіз басу өнерін дамытуға, ұлттық мұраны дәріптеуге және жас ұрпаққа қолөнер үйретуге елеулі үлес қосып жүрген бірқатар шеберлер мен көркем еңбек пәнінің ұстаздары қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Ұлттық өнердің ұлағатын ұлықтаған фестиваль мерекелік концерттік бағдарламамен қорытындыланды.
