Жасанды интеллект (ЖИ) енді жай ғана тренд емес, корпоративтік әлемнің жаңа болмысын қалыптастыратын негізгі күшке айналды. Алматыда халықаралық және отандық компаниялардың басшылары нейрожелілер дәуіріндегі бизнестің өзгеруін талқылады.
Орталық Азиядағы іскерлік орта бұрын-соңды болмаған өзгерістерді бастан өткеріп жатыр. 2026 жылғы 19 қарашада Алматыда The Reinvention Game деп аталатын ауқымды іс-шара өтіп, онда топ-менеджерлер бас қосты. Жиынға халықаралық және қазақстандық бизнес көшбасшылары қатысып, ашық әңгіме барысында жасанды интеллект ірі компаниялардың ішкі жүйесін қалай өзгертіп жатқанын талқылады.
Бір алаңда Philip Morris International, KPMG, Microsoft, Magnum Cash & Carry, Efes Kazakhstan және Air Astana компанияларының өкілдері кездесті. Сарапшылар ЖИ-дің стратегияларға, үдерістерге және басқару тәсілдеріне тигізетін зор ықпалын, сондай-ақ қызметкерлер алаңдаушылығы мен оны еңсеру жолдарын сөз етті.
Талқылаудың басты тақырыбы бизнес модельдерін түбегейлі қайта құру болды. ЖИ енді қауіп емес, бүгінде ол ұжымның мүмкіндігін еселеп арттыруға және жаңа бағыттарды игеруге жол ашатын компания жұмысының ажырамас бөлігі.
Бұл ой жаһандық өзгерістер кезеңінен өтіп жатқан, бірақ ЖИ-ді бизнестің барлық деңгейіне кедергісіз енгізудің нақты жолдарын меңгерген Philip Morris International (ФМИ) компаниясының тәжірибесінен айқын көрініс тапты.
ЖИ адамды алмастырмайды, оған көмектеседі
ФМИ компаниялар тобының ұжымды басқару және корпоративтік мәдениет жөніндегі директоры Фредерик Патитуччидің айтуынша, ЖИ-ді енгізумен байланысты болып жатқан дамудың жаңа кезеңі жұмыста адамдарды алмастырмайды. Қызметкерлер барлық негізгі үдерістің басты қатысушысы болып қала бермек.
"Біз қызметкерлерімізді ЖИ-мен жұмыс істеуге дайындауға басымдық береміз. Олардың кәсіби дағдысы алдағы уақытта да сұранысқа ие болуы үшін оқыту және қайта даярлау бағдарламаларын дамытып жатырмыз. Жаңа технологиялар адамдарды жұмыстан ығыстырмай, тек рөлдерді өзгертетініне және қызметкерлеріміздің дамуына серпін беретініне сенімдімін", – дейді ФМИ компаниялар тобының ұжымды басқару және корпоративтік мәдениет жөніндегі директоры.
Қызметкерлер алаңдаушылығын қалай сейілтуге болады
Кез келген технологиялық төңкерістің оны тиімді басқаруға ынталы адамдар болмаса, мәні жоғалады. Бизнесті жаппай цифрландыру кезеңінде HR қызметінің жаңа рөліне арналған талқылаулар кезінде осы мәселеге ерекше назар аударылды.
"Филип Моррис Қазақстан" ЖШС басқарушы директоры Омар Абделатиф жасанды интеллектіні жергілікті нарыққа енгізу барысында осы қиындықты қалай еңсергенін баяндады.
"Қызметкерлерге ЖИ олардың орнын баспайтынын, керісінше, жұмыста көмекші болатынын көрсету біз үшін маңызды еді. Сондықтан басты назарды осыған аудардық", – дейді Омар Абделатиф.
Нәтижесінде жасанды интеллектіні қызметкерлер жұмысына күштеп енгізудің орнына ФМИ еріктілерге арналған бағдарламаны іске қосты. Компаниядағы түрлі бөлімнен жаңа технологияға қызығушылық танытқан 29 қызметкер таңдалып алынды. Бұл қызметкерлер ЖИ-ді компания жұмысына қолданудың тиімділігін жеделдете отырып, басшылық пен ұжым арасын байланыстыратын мамандарға айналды.
Мақсат ЖИ-дің өзі емес, мәселені шешу болуы керек
Philip Morris International компаниясының Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия, ТМД, Таяу Шығыс және Африка аймақтары бойынша ақпараттық технологиялар жөніндегі вице-президенті Присцила Босси өз сөзінде ірі корпорациялар жұмысына ЖИ-ді сәтті енгізу үшін технологияны жаңа болғаны үшін ғана қолданбай, ең алдымен бизнестегі нақты мәселелерді шешуге назар аудару қажет екенін атап өтті.
"Барлығы технологиядан емес, туындаған нақты мәселеден немесе мүмкіндіктен басталуға тиіс. Технологиялар ұдайы жетіліп отырады. Сондықтан адамдар да олармен қатар дамып, технологияларды тиімдірек пайдалануды үйренуі маңызды.
Компания шағын, орта немесе ірі ме – маңыздысы ол емес, бізге белгілі бір кодекс қажет. Онда ЖИ-ді қалай және қайда қолдану керектігі, сондай-ақ ең маңыздысы – қандай жағдайда үдерісті адам бақылауы қажет екені нақты көрсетілуі керек", – деп атап өтті Присцила Босси.
Жалпы алғанда, The Reinvention Game шарасы нейрожеліні жұмыс үдерісіне сәтті енгізу батылдықты қажет ететінін көрсетті.
Кездесуден түйген негізгі ой айқын: бизнестегі ойын ережелері біржола өзгерді. Адамның қабілеті мен жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін ұштастыруға инвестиция салған компаниялар көш бастайды. Ал Қазақстан бұл өзгерістерден қалыс қалып жатқан жоқ.
*Материал "Филип Моррис Қазақстан" ЖШС-нің ақпараттық қолдауымен әзірленді және компанияның қызметіне арналған.
**Материал тек ақпараттық сипатқа ие және компанияның немесе оның өнімдерінің жарнамасы болып саналмайды.
