"Қайрат" футбол клубы танымал рэпер Канье Уэсттің концертіне байланысты өз матчтарын Алматыдан Түркістанға ауыстыратынын мәлімдеді, деп хабарлайды astana24.com.
Еске сала кетейік, 17 шілдеде Канье Уэсттің Алматыда концерт беретіні туралы ақпарат тарады. Алдымен бұл туралы оның менеджері Джозеф Карре хабарласа, кейін Алматы әкімдігі концерттің 14 тамызда сағат 21:00-де Орталық стадионда өтетінін растады.
Алайда концерт анонсынан кейін "Қайрат" ФК басшылығы Орталық стадиондағы іс-шараны ұйымдастыру мәселесі олармен келісілмегенін мәлімдеді.
Бүгін клубтың баспасөз қызметі жаңа мәлімдеме жасады.
"14 тамызда Алматы қаласының Орталық стадионында Канье Уэсттің концерті өтетіндіктен, бұл күн клубтың еурокубоктың үшінші іріктеу кезеңіндегі ықтимал өз алаңымыздағы матчпен тұспа-тұс келіп отыр. Осыған байланысты "Қайрат" ФК-ның негізгі стадионы аталған кездесуді өткізуге қолжетімсіз болады.
Қалыптасқан жағдай мен еурокубок күнтізбесінің тығыздығын ескере отырып, клуб УЕФА-ға үшінші іріктеу кезеңіндегі ықтимал өз алаңындағы матчтың өтетін орнын ауыстыру туралы өтініш жолдады. Өтініш қаралғаннан кейін кездесуді Түркістан қаласындағы "Түркістан Арена" стадионында өткізуге келісім берілді.
Матчтың нақты күні мен басталу уақыты, сондай-ақ билет сатылымының басталуы туралы ақпарат команданың еурокубоктағы алдағы кезеңі анықталғаннан кейін қосымша жарияланады", – делінген "Қайрат" ФК хабарламасында.
