Мереке Жақсылық Үшкемпіровтің аңызға айналған жеңісін бейнелеген театрландырылған қойылыммен ашылды. Одан кейін спорт ардагерлері, жаттықтырушылар және денешынықтыру мен спорт саласының мамандары марапатталды.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев спортшылардың жетістіктері жүйелі қолдаудың нәтижесі екенін атап өтті: «Спорт – ұлт рухын көтеретін күш. Өңірде спорт саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Жоғары нәтижелерге қол жеткізген спортшылар ай сайынғы стипендия алады, ал енді «Алатау» клубы жұмысының арқасында қосымша төлемдер де беріледі. Сонымен қатар спорт саласының мамандары мен үздік спортшылар Отбасы банк арқылы жеңілдетілген ипотекалық несие рәсімдей алады. «Алатау жастары» өңірлік ипотекалық бағдарламасы арқылы 100 жас отбасы өз баспанасына ие болды. 2025 жылдан бастап бұл бағдарлама «Алатау» атауымен жаңартылып, жастар үшін арнайы квота бөлінді. Бұл – олардың еңбегіне берілген лайықты баға әрі жаңа жеңістерге ынталандыру», – деді өңір басшысы.
Соңғы жылдар өңір үшін жарқын жетістіктерге толы болды: Париж Олимпиадасында Демеу Жадраевтың күміс медалі, Харбинде өткен қысқы Азия ойындарында Асет Дүйсеновтің жүлделері, сондай-ақ боксшылар мен ауыр атлеттердің Азия және әлем чемпионаттарындағы алтын жеңістері. Бұқаралық спорт та қарқынды дамуда. 2024 жылдан бері «Алатау лигасы» аясында ауылдық округтерде 140 клуб ашылып, футбол, баскетбол, волейбол және үстел теннисі бойынша 318 команда құрылды. Жоба жаңа жұлдыздарды анықтап, мыңдаған тұрғынды салауатты өмір салтына баулып келеді.
Салтанатты шараға арнайы әлеуметтік қызметтерді қажет ететін балаларға арналған облыстық қолдау орталығының тәрбиеленушілері де қатысты. Олар үшін белгілі спортшылармен кездесу ерекше оқиға болды – балалар қуана тілдесіп, суретке түсіп, көргендерінен әсерлі эмоцияларын бөлісті.
Конаевтағы мерекелік кеш өңірде спорттың кәсіби және бұқаралық деңгейде бірдей дамып келе жатқанын тағы бір дәлелдеді. Ол жастарды шабыттандырып, тұрғындарды мықты, белсенді және салауатты болуға ортақ мақсат төңірегінде біріктіріп отыр.
Алматы облысында 35 жасқа дейінгі шамамен 430 мың жас тұрады, олардың 80%-дан астамы – ауылдық жерде, 136 ауылдық округте. Ауылдарда жастармен жастар ісі жөніндегі нұсқаушылар жұмыс істейді – олар мемлекеттік саясатты ауыл деңгейінде жүзеге асыратын негізгі буын.
Өңірде алғаш рет үздік мамандарды анықтап, ынталандыруға бағытталған Umtylys байқауы өтті. Іріктеу кезеңінен кейін 44 қатысушы финалға жолдама алды, олардың арасынан комиссия 8 жеңімпазды анықтады. Меценаттардың қолдауына ие болған олардың жобалары жыл соңына дейін жүзеге асырылады. Жеңімпаздарға салтанатты жағдайда қаржылай сертификаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев белсенді жастардың өңірдегі жастар ортасын дамытуға және әлеуметтік капиталды нығайтуға қосып жатқан үлесін атап өтті.
«Өңірімізде бірқатар маңызды бағдарлама сәтті іске асырылып жатыр: жас мамандарға арналған «Алатау жастары» жеңілдетілген ипотекасы, ғылым, мәдениет, спорт және инновация саласындағы жобаларға арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» және «Заңғар» гранттары, сондай-ақ ауыл жастарына төмен пайыздық мөлшерлемемен несие беретін «Ауыл аманаты» бағдарламаларының нәтижелі болғанын ерекшелеп айтуға болады», – деп атап өтті Қуат Байғожаев.
Жастар инфрақұрылымы да дамып келеді: Қонаев қаласында, Кеген, Райымбек және Балқаш аудандарында жаңа жастар ресурстық орталықтары ашылды, жыл соңына дейін мұндай орталық Қарасай ауданында да іске қосылады. Бұл алаңдар белсенді жастар үшін оқуға, дамуға және өз идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін орталыққа айналды.
Айта кетейік, облыста Жастар күні 10 тамызда – Абай күні басталды. Ұлы ақынның 180 жылдығына орай шығармашылық кештер, спорттық шаралар, зияткерлік ойындар мен челлендждер, сондай-ақ «Ізгі істер марафоны» және «Таза Қазақстан» аясында қайырымдылық және экологиялық акциялар өтті. Балқаш, Жамбыл, Еңбекшіқазақ және Ұйғыр аудандарында белсенділерді марапаттау рәсімімен өтетін фестивальдар ұйымдастырылады. Мерекенің шарықтау шегі – танымал қазақстандық орындаушылар қатысатын Aspan Fest ашық аспан астындағы концерті болмақ. Жастар күні аясында өңірде 50-ден астам іс-шара – спорттық турнирлерден бастап, тренингтер мен қайырымдылық акцияларына дейін өтеді. Оларға 50 мыңнан астам қатысушы жиналады. Мақсат – талантты әрі бастамашыл жастарды қолдау, көшбасшылық пен волонтерлікті дамыту.
Алматы облысында жастармен өзара іс-қимылдың жаңа моделін қалыптастыру бойынша жүйелі әрі бірізді жұмыс жүргізілуде. Негізгі басымдық – жастардың өзін-өзі дамытуына жағдай жасау, инфрақұрылымды дамыту, жастар бастамалары мен жобаларын қолдау, сондай-ақ маңызды әлеуметтік мәселелерді шешу: жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, тұрғын үйге қолжетімділікті арттыру, NEET санатындағы жастарды тарту, кәсіпкерлік пен волонтерлікті дамыту.
Облыстың әкімшілік реформаларынан кейін жастар саясаты мәселелері басқармасы аймақ жастарын қолдайтын тиімді экожүйе құру бойынша белсенді шаралар қабылдауда. 2024 жылдың басынан бері Қонаев қаласында, Кеген, Райымбек және Балқаш аудандарында заманауи жастарға арналған коворкинг-орталықтар ашылды. Жыл соңына дейін 85 мыңнан астам жас тұратын Қарасай ауданында да осындай орталық іске қосылады.
Қонаев қаласындағы орталықтың маңызы ерекше – бұл жаңа облыс орталығында пилоттық жобалар іске асырылатын алаңға айналды. Мұнда облыстық Жастар ресурстық орталығы орналасқан, ол жастар саясатын үйлестіретін орталыққа айналды. Ашылған күннен бері орталыққа 12 мыңнан астам адам келіп, күніне 30-40 жас тұрақты түрде қатысуда.
NEET санатындағы (оқымайтын, жұмыс істемейтін және кәсіптік даярлықтан өтпейтін) жастармен де жүйелі жұмыс атқарылуда. 2025 жылдың ІІ тоқсанының қорытындысы бойынша NEET-жастар үлесі 6,2%-ға (27 459 адам) дейін төмендеді – бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,7% немесе 5925 адамға аз. Мәселені жүйелі шешу үшін облыстық штаб құрылып, NEET-жастардың цифрлық картасы жасалды, әр аудан мен округке нақты KPI және кешенді жоспарлар белгіленді. Басымдық – жастар көп шоғырланған қала маңы аудандарға берілуде. Нәтижелі жобалардың бірі – базарларда еңбек келісімшартынсыз жұмыс істейтін бейресми жастарды тартуға бағытталған «Мүмкіндіктер керуені». 22 сауда нүктесіне пайдалы ақпаратпен QR-кодтар орнатылып, 578 жас кеңес алып, 112-сі ресми еңбек шартын жасасты. Маңызды бағыттардың бірі – «Жасыл ел» бағдарламасы. Соңғы үш жылда 3 мыңнан астам жас уақытша жұмыспен қамтылды, оның 2 мыңнан астамы – ауыл жастары. 2025 жылы тағы 1000-нан астам жасты еңбекке тарту көзделуде.
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Алматы облысы республикалық «Ізгі істер» марафонында 1-орынға ие болды. Бүгінде өңірде аудандар мен шалғай округтерді қоса алғанда, 10 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Ауылдық жерлерде 136 әдіскер-нұсқаушы жастар саясатын іске асырумен айналысып, бірыңғай стандартты енгізуге және жобаларды үйлестіруге көмектесуде. Алматы облысы жастар саясатын дамытуда жүйелі тәсілді ұстанып, қолжетімділік, тиімділік және белсенділік қағидаттарына сүйенеді. Барлық қабылданған шаралар өңір мен ел болашағының негізі болатын білімді, бәсекеге қабілетті және белсенді жас ұрпақты қалыптастыруға бағытталған.
Асыл ТҰМАР