Қарағандылық дзюдошы Дастан Жұмажанов Асқар Шайхиевті еске алуға арналған республикалық турнирдің бас жүлдесін иеленді, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Әлем чемпионы, Әлем кубогының иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Асқар Тастайұлы Шайхиевті еске алуға арналған дзюдодан ерлер мен әйелдер арасындағы республикалық турнир өз мәресіне жетті. Дәстүрлі додада елдің әр өңірінен және шетелден келген татами шеберлері бақ сынап, көрермендерге тартысты белдесулер сыйлады.
Биылғы турнирдің басты ерекшелігі – жарыс жеңімпаздары арасында автокөлік ойнатылуы болды. Жарыс ұйымдастырушылары, Асқар Шайхиевтің ағайын-туыстары, достары мен демеушілер ұсынған автокөлік иесі ретінде қарағандылық спортшы Дастан Жұмажанов анықталды.
Салтанатты марапаттау рәсімінде Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев жеңімпазға автокөліктің кілтін табыстап, жас дзюдошының алдағы спорттық жолына сәттілік тіледі.
