in

Сауль "Канело" Альварес екінші орта салмақтағы WBC чемпиондық белбеуін қайтарып алды

Мексикалық Сауль "Канело" Альварес Эр-Риядта өткен кәсіпқой бокс кешінде франциялық Кристиан Мбиллиді жеңді, деп хабарлайды astana24.com тілшісі.

Спортшылардың кездесуі Сауд Арабиясының астанасында өткен шоудың басты жекпе-жегі болды.

Мбилли екінші орта салмақтағы (76,2 келіге дейін) WBC белбеуін алғаш рет қорғады. Бұл титул Теренс Кроуфорд спорттағы мансабын аяқтаған соң франциялық боксшыға бұйырған еді. Америкалық боксшы 2025 жылдың қыркүйегінде дәл осы "Канелоны" жеңіп, әлемнің абсолют чемпионы атанған болатын.

Эр-Риядтағы жекпе-жек толық 12 раундқа созылды. Сегізінші раундта Мбилли желкеден соққы жасағаны үшін айып ұпайын алды.

Нәтижесінде Альварес төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен (116:111, 117:110, 115:112) жеңіске жетіп, екінші орта салмақтағы WBC белбеуін қайтарып алды.

Айта кетейік, 36 жастағы мексикалық боксшы кәсіпқой рингте 69-жекпе-жегін өткізді. Ол бұл кездесулердің 64-інде жеңіске жетіп (39-ы – нокаутпен), үш рет жеңіліп, екі рет тең түскен.

Ал 31 жастағы Мбилли мансабында алғаш рет жеңіліске ұшырады. Оның еншісінде 29 жеңіс (24-і – нокаутпен) және бір тең кездесу бар.