Жоба FIFA мен Қазақстан футбол федерациясының жас футболшыларды халықаралық стандарттарға сәйкес даярлауға негізделген әріптестігінің нәтижесінде іске асып отыр. Бұл – жасөспірімдерді баптап, өз елімізде аталған спорт түрін одан әрі жаңа белеске шығару үшін үлкен мүмкіндік. ҚФФ FIFA таланттар академиясы мәртебесіне ие болған әлемдегі тоғызыншы қауымдастық болса, ал UEFA бойынша екінші ұйым атанды.
Маңызды жиынға FIFA-ның жаһандық даму жөніндегі директоры Стивен Мартинс, ҚФФ бас хатшысы Давид Лория, FIFA High Performance бағдарламасының жетекшісі Ульф Шотт, FIFA аңызы, 1998 жылғы әлем және 2000 жылғы Еуропа чемпионы Кристиана Карамбе, сонымен қатар отандық футбол ардагерлері мен академия тәрбиеленушілері қатысты. ҚФФ техникалық директоры Геннадий Скуртул өз кезегінде академияға берілген мәртебенің маңызына тоқталды. Оның айтуынша, бұл мәртебе жас футболшылардың дамуына тың серпін бермек.
– Ең алдымен, бұл жоба арқылы біз әлемнің жетекші мамандарынан қолдау табамыз. Іс-шараға арнайы келген сарапшылар бар. Мәселен, таланттарды іріктеу саласының сарапшысы «Арсеналдың» жаттықтырушысы Арсен Венгермен бірге 10 жыл бойы жұмыс істеген Стивен Морроу, тәжірибелі маман, FIFA сарапшысы Марьян Пахарь осында. Бұдан бөлек, осы жобаның жетекшісі, кәсіби футбол мен спорттық жетістіктер бағытына жауапты Ульф Шотт та жиынға қатысып отыр. Бұл жобаға тартылған адамдардың аз бөлігі ғана. Біз өзіміздің зерттеулеріміз бен бағдарламамызды FIFA-мен бірге ақылдаса отырып әзірлейміз. Олар ҚФФ-на түрлі бағыт бойынша әдістемелік қолдау көрсетеді. Халықаралық тәжірибе неғұрлым көп болса, біздің бағдарламамыз да соншалықты байи түседі. Бұл – елімізде футболшылардың кәсіби түрде өсуіне ықпал етеді, – деді ол.
Қазір академияда 46 бала тәрбиеленеді. Оның 23-і – 2010 жылғы, ал қалған 23-і – 2011 жылы дүниеге келген балалар. Академияға жас футболшыларды іріктеу FIFA сарапшыларының көмегі негізінде жүзеге асқан. Геннадий Скуртул академиядағы барлық бағдарлама Қазақстан жағдайына бейімделіп іске асатынын және бұл тұста ең алдымен Қазақстан футбол федерациясының талаптары ескерілетінін жеткізді.
– Академиямыз FIFA-ның ең қатаң талаптарына толық сай келеді. Осыған дейін 54 критерийдің барлығы орындалды. Қазір әлемде мұндай мәртебеге ие 30-дан астам академия бар. FIFA алдағы уақытта олардың санын кем дегенде 75-ке жеткізуді көздеп отыр. Алайда бұл мәртебе тек жоғары деңгейдегі стандарттарға сай келетін қауымдастықтарға ғана бұйырады. Қазақстан Орталық Азия аумағы бойынша мұндай мәртебеге қол жеткізген алғашқы ел екенін атап өткен жөн, – деді ҚФФ техникалық директоры Г. Скуртул.
Қазақ футболының ардагері, даңқты қақпашы, 1996-2000 жылдар аралығында Қазақстан футбол қауымдастығының президенті қызметін атқарған Құралбек Ордабаев өзі басшылық еткен жылдары FIFA тарапынан үлкен қолдау болғанын еске алып, бүгінде сол бастама әрі қарай жалғасын тауып келе жатқанына қуанышты екенін айтты. Ардагер болашақта Қазақстанның түкпір-түкпірінен дарынды балаларды анықтап, оларды футбол академиясына қабылдау қажет екенін алға тартты.
– Бүгінгі оқиға – қазақ футболы үшін ерекше жаңалық. Алғаш 1994 жылы Қазақстан футбол федерациясы ашылып, FIFA-ның толыққанды мүшесіне айналған еді. Сол уақыттан бері әлемдік ұйым тек қазақстандық емес, әлемдік футболдың дамуына тұрақты қолдау көрсетіп келеді. Академияға жаңа мәртебенің берілуі қазақ футболы үшін жақсылықтың нышаны деп білемін. Келешекте елімізде осындай футбол академияларының саны артса, нұр үстіне нұр болар еді. Әсіресе, таудың етегінде орналасқан осындай алаң балалардың жаттығуына тамаша мүмкіндік болмақ. Қазір жас спортшыларды тәрбиелеуде «Қайрат» футбол академиясы жоғары нәтиже көрсетіп отыр, – деді Қ.Ордабаев.
ҚФФ Академиясының тәрбиеленушісі, атыраулық Мансұр Болат жас футболшылардың кәсіби тұрғыда дамуына бар күш-жігерін жұмсаған федерацияға алғысын білдіріп, келешекте жаһандық масштабта сәтті ойын көрсетуге тырысатынына уәде берді.
– Тарихи сәтте сіздердің алдарыңызда академия тәрбиеленушілері атынан сөз сөйлеу – мен үшін үлкен мәртебе. Футбол біз үшін жай ғана ойын емес. Біз Қазақстанның намысы үшін еңбек етеміз. Әлемдік аренада көк байрағымызды желбіретуді армандаймыз. Бізге кәсіби деңгейде футбол ойнауға, халықаралық тәжірибе жинауға және сапалы білім алуға барлық мүмкіндік жасалып отыр. Әр күніміз бізді шыңдап жүрген бапкерлердің жанқияр еңбегімен тығыз байланысты. Әр бапкерімізге, бізді жаңа деңгейге шығаруға күш салған FIFA ұйымына және Қазақстан футбол федерациясына, осы уақытқа дейін бізбен бірге болып, тәжірибесін бөліскен Стюарт Холл мырзаға ризашылығымызды білдіреміз. Академия тәрбиеленушілері сіздердің үміттеріңізді ақтауға тырысады. Біз, болашақ чемпиондар – қазақ футболының жаңа буынымыз, – деді М. Болат.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы