in

Қазақстандық екі төреші төрешілік қызметінен уақытша шеттетілді

Санжар Ысқақов пен Татьяна Сорокопудова төрешілік қызметінен уақытша шеттетілді, деп хабарлайды Қазақстан футбол федерациясына сілтеме жасаған astana24.com.

"Қазақстан футбол федерациясы төрешілер Санжар Ысқақов пен Татьяна Сорокопудованың ұлттық жарыстар аясындағы матчтарға қызмет көрсетуден уақытша шеттетілгенін хабарлайды.

Бұл шешім Қазақстан Премьер-лигасының соңғы турында жіберілген бірқатар өрескел әрі маңызды қателікке байланысты қабылданды", – делінген хабарламада.

ҚФФ аталған қателіктер матч нәтижесіне әсер еткенін мәлімдеді.

"Олардың алдағы мәртебесіне қатысты түпкілікті шешім ҚФФ-ның құзыретті органдары тарапынан жан-жақты тексеріс жүргізілгеннен кейін қабылданады", – делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ҚФФ "Ордабасы" – "Атырау" матчына қатысты ресми мәлімдеме жасаған еді.

Маман төрешілік кезінде жіберілген қателіктер туралы егжей-тегжейлі айтып, әрбір эпизодты талдаған болатын.