Орталық стадиондағы тартыс 5:0 есебімен қарсыластың пайдасына шешілді. Иә, есеп көңілді көншітпесе де, жанкүйер жадында сақталары анық. Өйткені Мбаппе, Винисиус, Беллингем бастаған жігіттер 6 мың шақырымды артқа тастап, Алтын Орда жеріне қадам басты.
Алтын Орданың ұрпағы
Әлқисса, жанкүйер осы жолы да перфоманс жасаудан жаңылған жоқ. «Селтикпен» ойында Еуропа жорығының басталғанын нұсқаса, кеше Descendants of the Golden Horde деген жазуды көтерді. Осылайша, Бату ханның ізбасарлары кәрі құрлыққа қарай құлаш ұрды. Әттеген-айы, клубтың шынайы жанкүйерлері алаңнан табылмаған соң жоғарыдағы пермофанстың астынан жорықты бастаған жауынгердің дауысын анық ести алмадық. Егер «51 сектор» түгелдей «Орталыққа» ойысқанда, Алматы аспаны ерекше жаңғырар еді. Десе де, «Реал Мадридті» бір көрсем дейтін жанның арманы орындалғаны анық.
Сонымен, «Қайрат» ойынды сенімді бастады. Шабуылдап та көрді. Әрине, матчтың алғашқы 15 минутын теледидар алдында отырғандар алаңсыз тамашалады деуге келмес. Өйткені телекөрсетілім құқығы бар Qazaqstan мен Qazsport әуреге салғаны рас. Десе де, испан басылымдары бірінші таймда алматылық клубтың «Реал Мадрид» ойыншыларының жүйкесін жұқартқанын жазған. Мәселен, Cadena SER радиостанциясы «сарыалалардың» ә дегеннен Куртуаның қақпасын «тексеріп» көргенін айтқан. Marca болса мадридтік клубтың «Атлетикодан» кейін өзін жинап, деңгейіне сай матч өткізгенін жазған.
Расымен, кездесудің бірінші жартысында қонақтар алаңға үйренісе алмады ма, ойыны бір ритмге түспеді. Негізі, осы аралықты «Қайрат» барынша кәдеге жаратуы керек-ті. Дастан Сәтпаев пен Жоржиньоның тепкені қиыс кетті. Қорғаушылар да бірінен соң бірі қателесіп, білгенінен жаңылды. Мәселен, Сорокиннің баспен берген пасынан соң қақпашы Қалмырза Франко Мастантуононы құлатып, төреші пенальти белгіледі. Осы аралықта Шерхан Қалмырза Мбаппені біраз «қинаған-ды». 18 жастағы қақпашыдан айласын асыра алмағанына бетін басып өкінгені де есте. Сондықтан француздың мұндай мүмкіндікті мүлт жібергісі жоқ. Айтқандай, Мбаппенің 11 метрден тепкен жойқын соққысы қақпа торын тулатты. Бұл сәтте Қалмырзаның терең күрсінгенін сіз бен біз жақсы білеміз. Бұдан әрі қарай «Реал Мадрид» бірнеше шабуыл жасағанымен, қақпашы орнынан табыла білді. Сол үшін ойын бойы 7 сейв жасаған Шерханға таңданбасқа болмас. Кездесуден соң Куртуаның өзі жейдесін ұстатып, арқасынан қақты. Артынша Instagram-ға бірге түскен суретін жүктеп, ақ жол тілейтінін жеткізген екен.
Мбаппе дейтін сабаздың бір пенальтимен тыншымасын әуелден сездік. Екінші таймда да ойқайтас шабуылдап, ақыры арасына жиырма минут салып екі гол соқты. Сонымен, хет-трик жасап, матчтың үздік ойыншысы атанды. Үздік дейміз-ау, ойында шабуылдау бөлек, оны ұйымдастыру бір басқа. Осындайда түріктің Арда Гүлері қамшы салдырмады. Былтыр Анчелоттиға қасарысқандай клубта қалып еді. Сонысы бекер емес екен. Биыл Алонсо футболшының шырағын жағыпты. Орталықтан ойынды жүргізіп, Мбаппеге аяқтың ұшымен асырған пасына көзің қызығады. Сөйтіп, Мбаппе, Гүлер, Родриго үштігі матчтың көркін қыздырды. Родриго да барын салды, Мадридтен ат терлетіп бекер келдім бе дегендей қазақ жанкүйерін қуантып қайтты. Одан бөлек, Камавинга мен Диастың Алматыда «оталғанын» қосыңыз. Қос ойыншының мұнша жұлдыздың арасында бағы жанбай қалды-ау деп ойлаған реалфандар сүйсінді, білем. Десе де, «Қайрат» үш бұрыштама көтерді, Луиш Матаның әдемі соққысын Куртуа тойтарды. Әсіресе, екінші таймның ортан белінде Эдмилсон, Зария, Фильо кірген соң ойын түрленіп сала бергені тағы бар.
«Реал Мадрид» – алпауыт команда. Ойыншысының әрқайсысы жүздеген миллион еуро тұрады. Соған сай деңгейі де бөлек. Егер төреші бізге пенальти беріп, Дастан Сәтпаев Куртуаның қақпасын дәл көздегенде мереке болар еді. Мадридтік клубтың миллиондаған жанкүйері ойын тамашалады. Алматы деген қала, «Қайрат» дейтін команда барын көрді. Қорыта келгенде, «Қайраттың» Чемпиондар лигасында ойнауы елдегі өзге клубқа мотивация болуы керек. Қаншама қаржы тапты, танылды. Еуропа футболы – жарқын болашаққа бастар жол. Осы жолдан таймай, дамудың жаңа сатысына көтерілген жөн», – деді матчтан соң спорт журналисі Ермұхамед Мәулен.
Миллион теңге тұратын билет
Аталған ойын десе стадион маңындағы ығы-жығы халық, қақпадан ентелей кірген жанкүйер елестейді. Бір-бірін таптап кетердей билет үшін таласты біз ғана емес, испан басылымы да жазды. Мысалы, AS газеті 23 мың орынды стадионнан матч тамашалау үшін 80 мың адам кезекке тұрғанын айтқан. Билет бағасы 250 мың теңгеге дейін жетіп, бұл елдегі күнкөріс деңгейінен бірнеше есе жоғары баға екенін атап өткен. Ойынды алаңнан тамашалаған журналистер де ұзын-сонар кезекке тап болғанын, осындай баға қоятыны бар соған сай жағдай жасау керегін жеткізді. Негізі, жанкүйерлер стадион маңына кездесу басталардан 4 сағат бұрын жиналған. Алайда тәртіп сақшылары оларды екі сағаттан кейін кіргізген.
– Матч басталуға 2,5 сағат қалғанда стадионға келдім. Аккредитация бола тұра, кіру мұң болды. Қайта халыққа рақмет, «Әлімжан Асқарды өткізіңдер» деп жол берді. Билетпен кезекте тұрған жанкүйерге қиын. Ең қызығы, матч біткен соң журналистер мен ойыншылар флеш интервью жазуы керек. Интервью орны стадионнан басқа жерде орналасқан екен. Соған барар жолда тәртіп сақшылары тұрды да, флеш-зонаға өткізбеді. Журналист екенімізді, сұхбат алатынымызды айтып қала бердік , – деді спорт журналисі Әлімжан Асқар.
Бұл туралы жанкүйерлер де әлеуметтік желіде қызу талқы жасады. Оған қоса, билетке әрең қол жеткізгендердің алаңнан үні шықпағаны да сөз болды. «Орталық» стадион лық толғанымен, атмосфера жасай алмады. «Қайрат, алға!» деп дауысы қарлыққанша қолдау білдіргендер санаулы. Осы матчпен қатар өткен «Галатасарай» – «Ливерпуль» кездесуінде түрік жанкүйерлері күні бұрын қарсыласқа «қысым» көрсетіп, алаңында алапат қолдаумен қарсы алған. Ағайынның ақыра шыққан дауысынан қорықты ма, стадионның сесі басты ма, «Ливерпуль» басын төмен салған күйі Англияға жол тартты. Қош, қазақтар дәл мұндай қолпаштамаса да, матч бойы «Қайраттың» атын тынбай ұрандатуы керек-ті. Бірақ олимпиадалық стадионнан футбол тамашалаудың қандай қиын екенін ескерсек, оларға да кінә қоя алмаймыз.
Одан бөлек, спорт журналистері стадионның сыйқы сын көтермейтінін атап өткен. Өйткені бір миллион теңге тұратын мәшинесін матч билетіне ауыстырып алған да бар. Қазақстанның өзге қаласынан келгендерден басқа, елімізде 5 мың турист жиналыпты. «Реалды» көріп мәз болды, білем, алайда орталық стадионның жай-күйіне бас шайқағаны анық. Айтпақшы, жанкүйер қатарында Алматы әкімі де, бұрын қаланың «кілтін» ұстағандар да отырды. Мүмкін, матч арасында «кезінде академиясы бар «Қайраттың» бетін қақпай, белін буғанымда қазір мынадан екі есе үлкен стадионда отырар ма едім» деп ойға батқан болар, кім білсін?! Қала әкімі мен «Қайратты» қайдам, алыстан келген «Реал Мадрид» Іnstagram-ына Алматыдан 40 жазба жариялап, қосымша миллион қолданушы жинап, қазақтардың пікіріне «көміліп», қалтасына үш ұпайын салып қайтты.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ