Астанада 29 шілде мен 9 тамыз аралығында "Болашақ ойындары" халықаралық турнирі өтеді. Бұл туралы үкімет отырысында туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді, деп хабарлайды astana24.com үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрдің сөзінше, оған әлемнің 50-ден астам елінен 900-ге жуық спортшы, халықаралық спорт ұйымдарының, цифрлық индустрияның, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және жанкүйерлер қатысады деп күтілуде.
Салалық ведомствоның бағалауы бойынша турнир туристік ағынның ұлғаюына ықпал етпек, сондай-ақ Астананың қонақ үй, көлік және сервистік инфрақұрылымына сұраныс артады.
Турнирге қатысушылар классикалық спорт пен киберспортты біріктіретін 8 пән бойынша жеңіске жету үшін күреседі. Жарыс бағдарламасына фиджитал-футбол, фиджитал-баскетбол, фиджитал-атқыштар, фиджитал-жекпе-жек, фиджитал-би, Battle Royale, сондай-ақ компьютерлер мен мобильді құрылғылардағы MOBA кірді.
Бүгінде отандық туроператорлар жарыстарға қатысуды және елорданың мәдени көрікті жерлерімен танысуды қамтитын арнайы туристік пакеттер дайындап қойды. Жарыстың өзі Астананың төрт спорт нысанында өтеді.
