in

«Ақтөбе» футбол клубында аса ірі көлемде қаржы жымқыру фактісі анықталды

Ақтөбе облыстық прокуратурасы «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасы шеңберінде Бас прокуратураның тапсырмасы бойынша Ақтөбе футбол клубының қызметін тексерді, –  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Тексеріс нәтижесінде 250 млн теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды.

Оның ішінде ойыншылардың трансферлері және әуе тасымалдау бойынша күмәнді мәміле жасау дерегі белгілі болды. Сондай-ақ  ойыншылардың тамақтануына бөлінген қаражатты клуб қызметкерлері жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.

– Тексеру қорытындысы бойынша, облыс прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 189-бабы  4-бөлігінің 2) тармағы (“аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті жымқыру”), 361-бабы  4-бөлігінің 1) тармағы (“лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану”) және 190-бабы  4-бөлігінің 2) тармағы (“алаяқтық”) бойынша 3 сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, –  делінген прокуратураның хабарламасында.

Қылмыстық істер тергеп-тексеру амалдарын жүргізу үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жолданды.

Істердің тергелуі облыс прокуратурасының бақылауында.