in

Бокстан әлем чемпионы атанған Санжар Тәшкенбай мен Айбек Оралбайға Астана әкімі 30 миллион теңге берді

Астаналық спортшыларымыз Ливерпульде (Ұлыбритания) бокстан өткен 2025 жылғы әлем чемпионатында алтын медальдар жеңіп алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Санжар Тәшкенбай екі дүркін әлем чемпионы атанды. Санжар алғаш рет 2023 жылы 19 жасында 48 кг салмақ дәрежесінде әлем чемпионатын жеңіп алған еді, екі жылдан кейін бұл жетістігін Ливерпульде 50 килограмм салмақта қайталап отыр.

Айбек Оралбай өз есімін Қазақстан спорты тарихында алтын әріптермен жазды. Ол әлем чемпионатында суперауыр салмақта ел тарихындағы тұңғыш алтын медальді жеңіп алды.

Спортшыларымыз намысты қолдан бермей, керемет нәтиже көрсетті. Олар өз үлгісімен еңбектің, тәртіптің және өзіне деген сенімнің үлкен жетістіктерге апаратынын көрсетті. Бұл жетістіктерге бапкерлерінің де қосқан үлесі зор.  Астана ылғи да спортты қолдап, талантты спортшыларымыздың дамуына жағдай жасап келеді. Мәселен, қаламызда Боксты дамыту орталығы бар, ал биыл Бекзат Саттарханов атындағы Спорт кешені пайдалануға берілді. Сіздерді осы жеңістеріңізбен тағы да шын жүректен құттықтаймын! Алда сіздерге үлкен табыстар, жаңа жетістіктер мен биік белестер тілеймін! – делінген Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінде.