in

Гимнастардан үміт көп

Жарыстар алғаш рет осындай деңгейдегі турнирді қабылдайтын Jecheon Gymnasium аренасында өтеді. Оңтүстік Кореяға ең мықты құрамалар жиналады. Атап айтқанда, Жапония мен Қытайдың гимнастары да бар. Олар 2025 жылғы Әлем кубогының кезеңдеріне қатыспаған болатын.

Биыл барлық команда үшін басты жарыс – әлем чемпионаты. Жапония мен қытайлықтар Әлем кубогының кезеңдеріне қатыспағандықтан, Азия чемпионатына ең үздік спортшыларын апарып, әлем біріншілігінің алдында дайындық жүргізуді жоспарлап отыр. Қазақстан құрамасының да мүмкіндігі жоғары. Сондай-ақ Корея, Өзбекстан, Тайбэй және басқа елдердің де спортшылары мықты. Демек, жарыста бәсекелестік өте жоғары деңгейде болмақ.

Былтыр Ташкентте өткен Азия чемпионатында Қытай, Оңтүстік Корея және Өзбекстан құрамалары көш бастады. Қытайлық гимнастар командалық есепте алтын жүлдені жеңіп алып, жекелей жаттығуларда да Инь Дэхан мен Тянь Хаоның арқасында ерекшеленді. Өзбекстан құрамасы Абдулла Азимовтің жетекшілігімен командалық есепте екінші орын алды және жекелей жаттығуларда да жүлдеге қол жеткізді. Айта кетейік, Корея тек командалық есепте үшінші нәтиже көрсетіп, қола медаль жеңіп алды.

Қазақстан құрамасы төрт медальмен ерекшеленді. Нариман Курбанов ат снарядындағы жаттығудың финалында жеңіске жетсе, Милад Карими көпсайыста және еркін жаттығуда екінші орын алды. Сондай-ақ ол кермедегі жаттығуда жеңімпаз атанды. Айта кету керек, бұл – Миладтың Азия чемпионатындағы алғашқы жеңісі. Бұған дейін қазақстандықтардың арасында көпсайыста ешкім күміс медаль иеленбеген.

Айта кетейік, Париждегі Олимпиада ойындарында барлық алтын медальді Азия гимнастары жеңіп алды. Жекелей көпсайыста жеңіс тұғырының барлық үш сатысын Жапония мен Қытай спортшылары иеленді. Командалық көпсайыста да жапондар жеңіске жетіп, қытайлықтарды (күміс) артта қалдырды.

Карими маусымды өте жақсы бастады. Оның еншісінде Әлем кубогы кезеңдерінен алты алтын медаль бар. Ал Курбанов Олимпиададан кейін аздап үзіліс алғанымен, қазір қайтадан бабына келіп жатыр. Түркияда өткен халықаралық турнирде ол алтын медаль жеңіп алды. Сондай-ақ биыл қоссырықтағы жаттығуда Әлем кубогының кезеңінде жеңіс тұғырынан көрінген Дмитрий Патанинді де атап өтуге болады.

Азия чемпионатына дейін бас бапкер Александр Ким құрамға іріктеу жүйесін түсіндіріп өткен болатын:

«Алда бізді Оңтүстік Кореяда өтетін Азия чемпионаты күтіп тұр. Бұл – командалық жарыс. Сондықтан құрамға командалық есепте ең жоғары нәтиже көрсете алатын спортшылар енеді», – деді Александр Ким.

Қазақстан командасының толық құрамында Милад Карими, Ілияс Әзізов, Дмитрий Патанин, Нариман Курбанов, Әлішер Тойбазаров бар. Ал жасөспірімдердің қатарына Роман Мамедов, Нұртан Ыдырысов, Роман Хегай, Артем Ковалев, Владислав Бабушкин, Андрей Терман, Досжан Өмірсерік кірді.

Құраманың болашағы бар. Егер Қытай мен Жапония ең мықты құрамдарын алып келсе, командалық көпсайыста жеңіс тұғырына шығу оңай болмайды. Бірақ бұл алынбайтын асу емес. Мысалы, 2023 жылы Қазақстан Азия чемпионатында қола медаль жеңіп алды. Ол кезде де Карими, Курбанов, Әзізов, Патанин және Тойбазаров өнер көрсеткен еді.

Әсет ҚАЛИ