Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Қытайдың Нинбо қаласында өтіп жатқан WTA 500 санатындағы турнирде жартылай финалға жолдама алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ширек финалда отандасымыз австралиялық Айла Томляновичпен (WTA – 104-орын) кездесіп, қарсыласынан айқын басым түсті. Кездесу небәрі 58 минутқа созылды. Рыбакина 6:2, 6:0 есебімен жеңіске жетіп, жартылай финалға шықты. Әсіресе, екінші сетте қазақстандық теннисші толық үстемдік көрсетіп, қарсыласына бірде-бір гейм бермеді.
Жартылай финалда Рыбакина әлемнің 8-ракеткасы – италиялық Жасмин Паолинимен финалдық жолдаманы сарапқа салады. Айта кетейік, Рыбакина турнирдегі алғашқы айналымда украиналық Даяна Ястремскаямен (WTA – 30-орын) тартысты матч өткізген. Үш сетке созылған тартысты матчта, 6:4, 6:7, 6:3 есебімен жеңісті өз еншісіне жазған.
Нинбодағы турнирдің жалпы жүлде қоры – 1 064 510 АҚШ долларын құрайды. Жарыс жеңімпазы 164 мың доллар қаржылай сыйлық пен WTA рейтингіне 500 ұпай иеленеді.