Жұрттың жарысқа шөліркегені көрініп-ақ тұрды. Доданың бірінші күнінен соңына дейін жанкүйер қолдауын аямады. Соған сай балуандар да барын салды. Әсіресе, Мұрат Байқамұровтың +100 келіде финалға шыққан Ерасылға «жанкүйерлер үшін Әнұранымызды шырқатайықшы, берілмеші» дегені жүрек жылытты. Одан кейін Есет Қуановтың «Президенттің өзі күресіңді көруге келгенде қалай аянып қаласың» дегені де жауапкершілік жүгін көрсеткендей.
Үш күндік дзюдо тойы
Иә, Жекпе-жек сарайында үш күн дзюдо тойы өтті. Оған әлемнің 45 елінен 358 дзюдошы қатысты. Ерлер және әйелдер арасында 7 салмақ дәрежесінде 56 медаль сарапқа салынды. Соның ішінде жергілікті балуандар 9 жүлде жеңіп алды. Қазақстан қоржынында 3 күміс, 6 қола медаль бар.
Жарыстың бірінші күнінде ерлер -60, -66 келі салмақта, әйелдер -48, -52, -57 келіде сынға түсті. Айтса айтқандай, жігіттер «қазақтың салмағында» атой салды. Бастапқыда Мағжан Шамшадин, Талғат Орынбасар бары жүлденің жақын екенін білдірген-ді. Бұл топқа тыңнан түрен салғандай Аман Бақытжанның қосылғаны көпті таңдандырды. Әлемдік жарысқа алғаш қатысқан кейіп танытқан жоқ. Қимылы ширақ, адуынды балуан алдынан кім шықса да, табанды күресті. Алғашқы қарсыласын айналып өткенде алдынан тайпэй мықтысы Янг Юн Вэй жолықты. Көпшілік «Аман осы жерде жарысты аяқтайды-ау» дей бергенде, ол юко ұпайымен қарсыласын қапы қалдырды. Жарыстан кейін өзі де тайпэй балуанымен өткен белдесуі қиынға соққанын айтты. Бірақ кім кезіксе де салқын санамен күресетінін, ойға алған нәтижесіне жетпей қоймайтынын жеткізді. -60 келіде жанкүйер Талғат Орынбасар, Мағжан Шамшадин, Аман Бақытжанның күресін қатар тамашалады. Балуандардың басы әйтеуір бір түйісерін түсінді, білем. Демді ішке тартып отырғанда ширек финалда Талғат Орынбасар мен Аман Бақытжан кезікті. Екеуі де осы кезеңге дейін тың, бірсыдырғы белдескен. Жұрт екеудің іштей өз-өзімен әлек болып тұрғанын бірден түсінгендей. Қолдау бір сәт тынған жоқ. Сөйткенде Аман ағасына жол берді ме, әлде расымен жеңілді ме беймәлім, жауырыны татамиге тиді. Сонымен, Талғат Орынбасар финалға шықты. Орынбасар бұдан бұрын да үйлесімді, сақ күресімен талайды тәнті еткен. Сондықтан оның шеберлігіне шек келтіргендер аз. Ал Мағжан Шамшадин мен Аман Бақытжан қола үшін белдесті. Мұнда да Аманға оңай шағылар жаңғақ жоқ екен. Атақты Ли Харим күтіп тұрды. Аренадағы қолдаудың, тренер тактикасының арқасында ол Оңтүстік Корея балуанын ваза-ари ұпайымен ұтты. Шамшадин болса, француз Енцо Джинді алаңсыз жеңді. Талғат Орынбасар финалда Изнаур Сааевтен ұтылды. Әккі балуан ширек финалда Шамшадинді жолда қалдырса, финалда тағы бір қазақстандықтан айласын асырды.
-60 келі салмақтағы жетістіктің эйфориясы басылмай тұрғанда -66 келіде белдескен Ғұсман Қырғызбаев дзюдо жанкүйерлеріне ләззат сыйлады. Олимпиададан кейін сегіз айдан соң жарысқа шыққан саңлақ қарсыластарына шеберлік сағатын көрсеткендей әсер сыйлады. Жаймен басып, финалға шықты. Алайда финалда IJF атынан өнер көрсеткен Рамазан Абдулаев Қырғызбаевты біраз қинап, жеңіске жетті. Абдулаевтың сенімді, тактикалық күресі оған алтын әперді. Ал жарыстың бірінші күні күрескен қыздар нәтиже көрсете алған жоқ.
Әдетте дзюдо жанкүйерлері -60 келі,-48 салмақтағы балуандардан ғана жүлде күтетін. Бұл Grand Slam бәрін жоққа шығарды. «Қолдасаңдар, шабытыма қамшы басамын» дегендей дзюдошылар аянып қалмады. -73 келідегі ел үміті Бақытжан Абдурахманов жарысты сәтті бастағанымен, ширек финалда жарақат алды. Дегенмен балуанның күресі талайды тәнті етті. Бұл салмақта епті, ширақ, тактик дзюдошы барын көрсетті. Бақытжанның жарақатын осы салмақтағы Есет Қуанов ұмыттырғандай болды. Қола үшін белдесуде талантты дзюдошы грузин Михаил Бахбахашвилиді қапы қалдырды. Ал -81 келіде сынға түскен Абылайхан Жұбаназар епті ғана емес, эмоционалды интеллекті жоғары спортшы екенін көрсетті. Баппен күрескен балуан ширек финалда сүрінді. Бұдан да өтер еді-ау, өзі кейін мүмкіндікті жіберіп алғанын мойындады. «Елде атой салмағанда қайда саламыз, алтын алуды ойлап келім едім» деп күйінішін білдірді. Дегенмен Италия балуанын иппонмен жеңіп, қола медальға қол жеткізді.
Үшінші күн – аса ауыр салмақтағы балуандар белдесер сәт. Спортшылардың көптен бері жүлде салмай жүргені тағы бар. Оның үстіне, жанкүйерлер де саябырси қалатын-ды. Жоқ, бұл жолы бәрі басқаша. Ұландарына сенген ел барынша қолдау көрсетті. Содан қуат алғандай дзюдошылар да бір сәт тынған жоқ. Әсіресе, Марат Байқамұров пен Бағжан Байтастың белдесуіне жұрт сүйсінді. Мінез, техника, тактика бары бірден білінді. Бұл Бағжан Байтастың алғашқы Grand Slam турнирі еді. Мұқалған жоқ. Жұбаныш белдесуінде Италия балуанын ұтып, қола үшін күресте IJF өкілін иппонмен жеңді. Ал ерекше күресімен тәнті еткен Марат Байқамұров ширек финалға дейін қарсыластың бәрін иппонмен жеңді. Одан кейін қола үшін тартыста ливан балуанынан басып түсті. Содан соң +100 келіде өнер көрсеткен тәжірибелі балуан Ерасыл Қажыбай финалға дейін сүрінбей жетті. Бірақ финалда жапон балуаны Хега Отаға жол берді. Осылайша, үшінші күні ел қоржыны бір күміс, үш қоламен толықты.
Алтын жоқ, тоғыз жүлде бар
«Бұрын жастар болсын, орта жастағылар болсын талай жарысқа қатысса да алғашқы айналымнан аспай жататын. Белгілі бірнеше балуан ғана жүлде үшін күресетін еді. Осы жолы тәжірибелі балуандармен қатар жастар да жақсы нәтижеге жетті. Мұның бәрі жаңа жүйенің нәтижесі деп ойлаймын. 5 айдан бері Гамбаның бапкерлік штабы мен қазақстандық бапкерлер бірлесе жұмыс атқарып жатыр. Осы жүйе кіргеннен бері балуандардың күресі оңала бастады. Азия чемпионаты мен осы Астанадағы Grand Slam турниріндегі балуандардың күресі басқаша. Бұрынғыдай емес, тез шаршап қалатындар да соңына дейін күреседі. Жарыстың нәтижесіне келетін болсақ, алтын жоқ. Дегенмен барлығына жан-жақты қарауымыз керек. Құрама алтынсыз қалса да, нәтиже көңіл көншітеді», – дейді дзюдо сарапшысы Анық Көкенайұлы.
Дзюдо сарапшысы Жандос Абдумуталифұлының айтуынша, бұл Grand Slam-да алтын болмағанымен, бүкіл салмақта сапалы күрес болды. Маманның пікірінше, жастардың ересектерге ауысуы қажырлы процесс. Жастардан кейін ересектерге өту кезеңінде біршама спортшылар үлкен барьерден өтеді. Ал жастар келе-келе алдыңғы буынды ығыстырады. Жастар әрдайым аға буынды өкшелеп, ізін басуы керек. Ескерерлігі, спортта жас-кәрі емес, дәл сол күні формада болу, дәл сол күні бабы мен бағының қатар шабуы маңызды.
«Grand Slam турнирінде үздік өнер көрсеткен үштік бар. Оның біреуі – Аман Бақытжан. Неге десеңіз, тайпэйлік Ян Юн Вэйді жарыс жолынан шығарды. Ал үштікке күрескенінде Ли Харимді жеңді. Яғни, жаңадан қосылған буынның ішінде Аман Бақытжан жасындай жарқылдады. Тәжірибе кім десеңіз, бұл – Абылайхан Жұбаназар. Өте сақ, артық қимыл, артық эмоция жоқ. Тәжірибе, мінез, тәрбие, бір бойынан үйлесім тапқан спортшы. Абылайхан өзіне сенім артқан күйде жақсы күресті. Финалға жолдама алмады демесеңіз, күресі жарқын болды. Үшінші күні белдескендерден Марат Байқамұровты айтамын. Биыл дзюдоға толық ауысты. Бұл – екінші Grand Slam жарысы. Бірден финалистер қатарынан көрінді. Қазақ күресінің әдісі кеше оған жұмыс істеді. Бүкіл қарсыласын екі аяқта тұрып ұтты. Осы үш үздік кешегі жарыстың көрігін қыздырды», – дейді маман.
Айталық, бұл жолы қыздар жүлдеден тыс қалды. Құрама үздіктері жарысқа қатысқан жоқ. Олимпиада көрген Эсмигүл Куюлова ғана қатарда бар. Осы мәселені Анық Көкенайұлымен талқылағанда сарапшы қыздар арасында бәсеке жоғын алға тартты. Турнирден кейін бапкерлер де әйелдер құрамасымен жұмысты күшейтетінін айтқан-ды. Сарапшының сөзінше, алдағы уақытта Гамба жүйесінің нәтижесін көреміз.
«Қазақ күресі әдістерінің дзюдомен үйлесім тапқанына көз сүйсінеді. Бұдан бұрын дзюдодағы мамандардың дені самбо мектебінің шәкірті болған. Мұның айқын дәлелі – Асхат Шаһаров, Азамат Мұқанов. Самбодан дзюдоға ауысқан спортшы көп. Соның бірі кеше күрескен – Есет Қуанов. Айта берсең, көп. Қазақ күресінде жүріп, одан кейін дзюдоға ауысып жатқандар да жетерлік. Ғұсман және Ғұмар Қырғызбаев – соның жарқын көрінісі. Осы Grand Slam-де Марат Байқамұров белге де, белбеуге де, жеңге де, жағаға да бүкіл позицияда еркін, ашық, айқын, жарқын күрес көрсетті. Әрине, қазақ күресінің методологиясын сол жақта үйренген. Тіпті, сараптама жасасақ, моңғолдар өзінің моңғол күресіне ұқсас күреседі. Ұлттық күресінде қалай күрессе, тура солай дзюдода да тік күреседі, белге көп бара бермейді. Гүржілер де чидаобо бар. Өзбекстанның құрашы да дзюдоға өте жақын. Жеңнің ұзындығы болсын, тізеге лақтыру болсын, қазақ күресінде жоқ болғанымен, өзбек күресінде бар. Сабировтардың өзі құрашпен күресіп келіп, кейін дзюдоға ауысқан. Сол үшін қазақ күресіндегі қыздар мен жігіттерге бұл жаңа серпін береді, бағыт береді», – дейді дзюдо сарапшысы Жандос Абдумуталифұлы.
Қош, елорданы әлемдік жарыстың бір бөлігі жасаған тартыс нәтижелі аяқталды. Халықаралық дзюдо федерациясымен жасаған келісім келер жылы аяқталатыны тағы бар. Оған дейін балуандарды бірнеше жарыс күтіп тұр. Алда – Венгрияда өтетін Әлем чемпионаты. Осы турнирден қуат алған олар тоқтамақ емес. Мысалы, жас саңлақ Аман Бақытжан татамиде тек ата-әжесін қуантуды ойлап, оларға барынша жағдай жасауды мақсат тұтады. Ал Талғат Орынбасардың қалауы – Олимпиада чемпионы атану. Осылайша, дзюдодан ерлер құрамасының бәсекеге қабілетті екенін көрсеткен турнирдің түндігі жабылды.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ