Көп өтпей төрт бірдей бизнесменнің белді бекем буғаны белгілі болды. Жыл соңына дейін тағы алты клуб жекенің қолына өтеді. Жалпы, бұл турасында жыл басынан бері сөз болған.
Төрт клуб жекешеленді
Иә, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда футбол клубтары жергілікті бюджетке сүйенбей, өзінше өмір сүруі керек деп еді. Әлемдік тәжірибе де осыны көрсеткенін, мұны тезірек жүзеге асыруды үндеген. Бұдан соң наурыз айында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бірқатар клубтың сатылымға шығатынын айтқан. Олар: «Астана», «Атырау», «Ордабасы», «Тұран», «Шахтер», «Каспий». Аталған агенттік мәліметінше, тізімдегі нысандар алдымен Жоғары реформалар кеңесіне ұсынылады. Кейін оларды жекешелендірудің кешенді жоспарына енгізеді. Бәрі 2028 жылдың соңына дейін бақылауда болады.
Ел басшысының құрылтайдағы сөзінен соң, мамыр айында бизнесмен Ибрагим Акдрашев «Астана» клубының директорлар кеңесіне кіргені хабарланды. Бұл кісі Forbes тізімінде 52-орында тұр. 184 млн доллар капиталы бар. «Нефтестройсервис ЛТД» ЖШС иесі. Ал Президенттің Жолдаудағы нұсқауынан кейін, кім біледі елордалық клуб толығымен жоғарыдағы бизнесменнің қарамағына өтетін болар…
Ал 8 қыркүйектегі Жолдауда Мемлекет басшысы кәсіби спортты қомақты табыс әкелетін бизнес-индустрия ретінде қарастырған жөн екенін айтты. Сөйтіп, «Шахтер» футбол клубы Тимур Турловқа, «Жеңіс» клубы Михаил Ломтадзеге, «Қызылжар» клубы Сергей Канға берілді. Ал «Қайсарды» қызылордалық жас кәсіпкер, құрылыс саласының өкілі Исламғали Қозбақов алды. Сәйкесінше, Президент кәсіпкерлерге риза екенін, ұлт футболының болашағы үшін тер төгу керегін атап өтті.
Аталған бизнесмендердің клубтың әлеуетін көтеруге шамасы жетеді. Kaspi.kz технологиялық компаниясының басқарма төрағасы Михаил Ломтадзенің капиталы 3,9 млрд долларға бағаланған. Freedom Holding иесі Тимур Турловтың 7.6 млрд доллары бар. Сергей Кан энергетика саласындағы бизнесмен ретінде 222 млн доллар тапқан. Қозбақов болса, Қызылордадағы Tau Group Ltd басшысы, алайда ашық дереккөзде капиталы жайлы мәлімет жоқ. Десе де, қалталы азамат Сыр жерінде 12 млрд теңгеге заманауи футбол академиясын салмақ. Егер айтқанын орындаса, бұл ұлт футболының ертеңіне құйған инвестиция болар еді.
Бұл бизнесмендердің ішінде футбол төңірегінде жүргені – Тимур Турлов. Оның 2023 жылы ашылған жасөспірімдер лигасына бас демеуші ретінде тартылғанын білеміз. Чемпионаттың атауы да – Freedom QJ League. Турлов осы лиганың Қамқоршылар кеңесін басқарады. Жасөспірімдер тартысына екі жыл бұрын 18 жасқа дейінгі 12 команда бақ сынаса, қазір 18 өңірден 54 команда бар. Барлығы төрт турнирде 1 620 қыз бен жігіт бар. Байқасаңыз, елге белгілі жас футболшы Дастан Сәтпаев дәл осы лигада көзге түсіп, қошеметке ие болған-ды. Одан бөлек, қаншама таланттың танылуына үлес қосты. Турлов компаниясының инвофутболға, Даун мен аутизмі бар балалардың алаңда доп тебуіне жағдай жасап жүргенін білеміз. Биыл шілдеде ол Қарағандыда заманауи талапқа сай академия тұрғызуға 12 миллиард теңге бөлетінін мәлімдеген. Мұнда жатақхана, 3 500 орынды стадион, жаттығу алаңын соғады. Оның үстіне, тамыз айында облыстық футбол ассоциациясының президенті болып сайланды. Қысқасын айтқанда, ҚПЛ турнир кестесінің соңында тұрған «Шахтерге» жаңа леп әкелетініне сенеміз.
Елімізде кәсіби спортты қаржыландыруға бюджеттен 60,5 млрд теңге бөлінген. Бұл соманың 53,8 млрд-қа қысқарғаны тағы бар. Көктемде Спорт және туризм вице-министрі Серік Жарасбаев ел қазынасынан футболға бөлінетін қаржы азаятынын, ойыншы жалақысына лимит қойылатынын айтқан-ды. Демек, футбол клубтары жекешелендірілсе қаржы тапшылығы, стадион жыры, еуроаренаға шығу жолы жеңілдеуі мүмкін.
Алаң жайы алаңдатады
Айталық, жекешелендіру жайын естігенде жанкүйер «Жеңіс» үшін қуанды, білем. 2014-2021 жылдары «Жеңіс» клубы жабылып қалғаны есімізде. Кейін бірқатар жанашыр мен жанкүйерлердің арқасында қайта құрылып, 2023 жылы ҚПЛ-ге оралды. Десе де, клубтың стадионы жоқ болған соң, қала арасында көшіп-қонуға мәжбүр. 2024 жылы «Астана-Арена» жөндеуге жабылғанда, футболшылар елорда мен Көкшетаудың арасын тоздырған. Клубқа тиесілі Қажмұқан Мұңайтпасов атындағы стадионның құрылысы 2026 жылдың соңында бітетіні тағы бар. Биыл шілдеде «Жеңіс» пен «Жетісу» арасындағы ойын Павлодардың «Орталық» стадионында өтті. Неге «Астана Аренада» қабылдамады десеңіз, мұнда музыкалық іс-шара өтетін болған соң, матч күнін ауыстырған. Сол үшін Михаил Ломтадзе кешенді жоспар жасап, жігерлі «Жеңісті» жаңа деңгейге көтереді деп ойлаймыз. Жігерлі дейтініміз, өз алаңы болмаса да олар талай клубты артқа тастап, Қазақстан кубогының жартылай финалына дейін жетті. Тіпті, осы жолда азулы «Астананы» шаң қаптырып кеткені бар.
Стадион жыры бір ғана «Жеңістің» басындағы мұң емес. Осы клубпен қатар «Елімай» да Павлодарға дейін табан тоздырып жүрді. Көкшетаудың «Оқжетпесі» 2023 жылы маусым бойы Астанаға келіп, матч өткізіп жүрді. 2024 жылы «Қарасай» стадионы реконструкцияға жабылып еді, «Қызылжар» клубы «Жастар» стадионына ауысты. «Астана» былтыр ҚазҰУ-дың спорткомплексі мен «Хан-Тәңірі» стадионын жағалады. Кейде «Орталық» стадионға қолқа салды. «Ордабасы» биыл маусым басында Мұңайтпасов стадионының реконструкциясына байланысты Түркістанға барып-қайтып жүрді. Жезқазғанның «Ұлытауы» маусымды «Шахтердің» алаңында өткізетіні әуелден айтылды. Ал «Жетісу» Талдықорғандағы стадион жаңа маусымға дайын болмаған соң, 5 ойынды Алматыда өткізді. «Хан-Тәңірі» стадион базасын таңдады. Былтыр да осы стадионда ойнаған. «Атырау» болса, «Мұнайшы» спорткомплексіне қарап отырғанына талай жыл өтті. Бұл алаңның кейде талапқа сай келмей қалатыны тағы бар. 12 мың орынды жаңа стадион салынатыны жайлы ақпарат тарағаны рас. Бірақ құрылыстың қашан басталатыны жайлы нақты шешім жоқ.
«Қайраттың» өзі Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне шығып, Алматы билігін жаңа стадион салуға «әрең» көндірді. 35 мың орынды арена Құлжа мен Талғар тасжолының ортасында бой көтереді. Былтыр желтоқсан айында «Астана» Англияның «Челсиін» Алматыға шақырып, мұз қатқан стадионда матч өткізген-ді. Бірақ бұдан кейін де қала билігі арена турасында нақты ақпар берген жоқ. Жаңа әкім Дархан Сатыбалды «Қайраттың» қуанышына шашу шашқандай стадион құрылысы туралы мәлімдеді. Қысқасын айтқанда, жергілікті билік қимылдау үшін не еуроаренаға шығуың керек, не Президент тапсырма беруге тиіс. Әйтпесе, басшылар кәсіби спортты дамытуға бас ауыртпайды.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ