Қазақстан құрамасы өз көрсеткішін жақсартып, құрлықтық жарысты үш алтын медальмен аяқтады.
2023 жылы чемпионат Таиландта өткен болатын. Ол кезде отандық жеңіл атлеттер сәтті өнер көрсете алмады. Тек төрт жүлде иеленіп, олардың ішінде біреуі ғана алтын еді. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан сегізінші орынға тұрақтаған.
Ол кезде биіктікке секіру сайысында Кристина Овчинникова жеңіске жетті. 10 000 метрге жүгіруде Шедрак Коеч пен биіктікке секіруден Елизавета Матвеева күміс медаль алды. Ал Иван Иванов ядро лақтырудан үшінші орынға жайғасты.
Биылғы жарыс анағұрлым табысты болды. Дегенмен басты марапаттарды Қазақстан атынан көптен бері өнер көрсетіп жүрген кениялық легионер спортшылар иеленді. Атап айтсақ, әлем чемпионы Нора Джеруто екі мәрте тұғырдың ең биік сатысына көтерілді. Ол 5000 метр және 3000 метр кедергілер арқылы жүгірудің финалдық кезеңдерінде жеңіске жетті.
Айтарлықтай жақсы нәтиже көрсеткен тағы бір спортшы – Дейзи Джепкемей. Ол 10 000 метрге жүгіруден жеңімпаз атанды. Бұл сайыс өте қиын жағдайда өтті. Финал күні қатысушылар қашықтықтың жартысына жуық бөлігін еңсеріп үлгерген еді. Алайда нөсер жауын мен күшті желдің салдарынан ұйымдастырушылар жарысты тоқтатып, келесі күнге ауыстыруға мәжбүр болды. Сонымен қатар Дейзи 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден үшінші орын алды.
Айта кетейік, Дейзи 2023 жылғы чемпионатқа да қатысқан. Алайда сол жылы жүлде ала алмады. Бұл жолы спортшы өткен жылғы сәтсіздіктің орнын толтырды. Екі атлетте да өз қашықтықтарында жоғары нәтиже көрсетті. Бұл қыркүйек айында Токиода өтетін әлем чемпионаты қарсаңында өте маңызды. Атап айтқанда, Джеруто 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден әлемдік чемпионатқа іріктеу нормативін орындады. Қалған нәтижелер де нормативке өте жақын, бұл спортшылардың бабында екенін білдіреді.
Гумиде Елизавета Матвеева екі жыл бұрынғы жетістігін қайталады. Ол тағы да биіктікке секіруден күміс жүлде жеңіп алды. 2024 жылғы Париж Олимпиадасының қатысушысы соңғы маусымдарда тұрақты нәтиже көрсетіп келеді. Осы бағдарламада Надежда Дубовицкая да өнер көрсетті. Алайда жабық кешенде өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері Оңтүстік Кореяда тек төртінші орыннан көрінді.
Азия чемпионатында тағы бір медальді Ясмина Тоқсанбаева жеңіп алды. Ол 20 шақырымға спорттық жүрістен үшінші болып мәреге жетті. Айта кетсек, Ясмина көктемде өткен құрлықтық турнирлерде де жүлдегер атанған болатын. Сонымен қатар наурыз айында Жапонияда өткен Азия чемпионатында да Ясмина үшінші орын алған еді.
Қазақстандық бірнеше атлет жүлдеге өте жақын болды. 400 метрге тосқауылдар арқылы жүгіруден Аделина Земс төртінші орын алып, жеке рекорд орнатты. Дәл осындай нәтиже әйелдер және аралас 4×400 метрлік эстафеталарда тіркелді (ерлер құрамасы алтыншы орын алды).
Жарыс басталар алдында жүлдеге үміткер саналған Давид Ефремов 110 метрге тосқауылдар арқылы жүгіруден финалға дейін жетті. Алайда бесінші орынмен шектелді. Үш қарғып секіруден Мария Ефремова мен Зелимхан Насыров алтыншы орын иеленді (Зелимхан жеке рекорд орнатты). Алина Чистякова жетісайыста алтыншы нәтижені көрсетті.
Алты медаль Қазақстан құрамасына жалпыкомандалық есепте төртінші орын алуға мүмкіндік берді. Бұл орынды қазақстандықтар Қатармен бөлісті. Қос құрама Гумиде бірдей медаль жиынтығына ие болды.
Жалпы есепте Қытай көш бастады (19 алтын, 9 күміс, 4 қола медаль), екінші орында – Үндістан (8 алтын, 10 күміс, 6 қола), үздік үштікті Жапония түйіндеді (5 алтын, 11 күміс, 12 қола).
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.