in

Криштиану Роналду 2 гол соғып, тағы бір жаңа рекорд орнатты

40 жастағы Роналду ұлттық құрама сапындағы кезекті ойынында дубль авторы атанып, тағы бір жаңа рекорд орнатты, –  деп хабарлайды Аikyn.kz

Кеше түнде Португалия құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының Еуропа аймағындағы іріктеу кезеңінің 4-турында Венгриямен тең түсті. Яғни, Лиссабон қаласындағы “Жозе Алваладе” стадионында өткен матчта 2:2 есебімен  аяқталды.

Сол жарыста аты аңызға айналған Криштиану Роналду 2 гол (22, 45+3 минуттар) соқты. Бұл – оның мансабындағы 947 және 948-ші голы. Сондай-ақ  Криштиану Роналду әлем чемпионатының іріктеу матчтарында барлығы 41-голын тойлап, жаңа рекордқа қол жеткізді.

Оның арманы – соққан голының санын 1 000-ға жеткізу.  

Сонымен қатар Роналду әлем чемпионатының барлық құрлықтарындағы іріктеу кезеңінде абсолютті рекорд орнатты. «Аль-Наср» шабуылшысы іріктеу турнирлерінде 41-голын соғып, мәңгілік қарсыласы Лионель Мессиден 4 голға артып түсті.

Осыдан соң Роберто Мартинес жаттықтыратын Португалия 10 ұпай жинап, E тобында ешкімге дес бермей тұр. Ал Марко Росси баптайтын Венгрия 5 ұпаймен екінші орынға жайғасқан. 

Келесі турда Португалия Ирландияға қонаққа барса, Венгрия Армениямен сырт алаңда кездеседі.