Себебі туынды авторы Бауыржан Ақтай «шығармаларымды би қою үшін жазбаймын» деп кесіп айтты. Автордың алдынан өтіп, рұқсат сұрамағанына наразы. Ал бапкер Меруерт Балғынбаева 22 жылда бірінші рет осындай жағдаймен бетпе-бет келгенін айтады.
Даудың басы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласындағы көркем гимнастикадан өткен Әлем чемпионатында басталған. Құраманы бұл бәсекеге білікті бапкер Меруерт Балғынбаева баптады. Хореграф – Шыңғыс Әсетұлы. Ол «Алаш аманаты» күйіне би қойған. Ұжым осы бағдарламаны дайындау үшін 1,5 жыл уақыт жұмсаған. Бапкердің айтуынша, әсіресе лентамен шаңырақ құрып, оның құлағанын келтіру қиынға соққан.
Жалпы, қыздар осы күймен алғаш рет Әзербайжанда өткен әлем кубогында жүлделі орын алған. Ташкенттегі әлем кубогында да осы композицияны пайдаланған. Мамыр айында Сингапурде өткен Азия чемпионатында топ жарғаны бар. Олардың қатарында Аида Хәкімжанова, Жасмин Жүнісбаева, Мадина Мырзабай, Айзере Кеңес, Айзере Нұрмағамбетова мен Кристина Чепульская. Дәл осы триумфтан кейін Меруерт Балғынбаева бірнеше арнаға сұхбат беріп, күйден рухтанғанын, әр қазақтың «Алаш аманатын» арқалау жолындағы миссиясы әртүрлі екенін атап өткен-ді.
«Шығармаларымды би қою үшін жазбаймын. Бұл – менің ұстанымым. Түсіністікпен қарасаңыздар деймін. Мен арызқой да, пайдакүнем де емеспін. Бірақ шығармамды рұқсатсыз пайдаланғандарына қарсымын. Шығарманы таңдағанда алдымен талдау жасау керек. Автор тірі болса, рұқсат алу қажет, өмірден өткен болса, мұрагерлерінен келісім сұралуға тиіс. Бұл жағдайда ешқандай рұқсат сұралмаған», – деді композитор Бауыржан Ақтай.
Күй авторының айтуынша, жаттықтырушы мен хореограф кез келген қойылымды сахналау кезінде пайдаланатын музыканы сүзгіден өткізуі керек. Әсіресе, автор құқығы сақталуға тиіс. Бұл жерде туынды иесі, біріншіден, автор құқығының сақталмағанына наразы. Екіншіден, күйді би қою үшін жазбағанын кесіп айтты.
Осы тұрғыда келгенде, Балғынбаеваның айтуынша, Гимнастика федерациясы мұндай жағдаймен бірінші рет бетпе-бет келген. Бұған дейін ешбір әуен иесі автор құқығы туралы шағым түсірмеген. Әрі көркем гимнастика бапкерлері шетел музыкасы мен қазақ әуенін мейлінше қолданған. Бірақ кейінгі жылдары қай спорт түрі болсын автордан рұқсат сұрау керегі айтылып жүр.
Мұндай жағдайда талай сында топ жарып жүрген Балғынбаева шәкірттері қайтпек? Алдымен, композитор Бауыржан Ақтайдың айтқанын орындап, «Алаш аманатын» бағдарламадан алып тастады. Бапкердің айтуынша, жаңа композицияны бағдарламаға икемдеу жұмысы басталып кеткен.
«Күйдегі Әлихан Бөкейханның «Қазаққа қызмет етпей қоймаймын» деген сөзі қандай әсерлі?! Маған да осы тұсы қатты ұнады. Оның үстіне, жанкүйер тарапынан «қазақ бола тұра, неге қазақша әуенге билемейді» деген сын айтылды. Расында да, қаншама жыл басқа елдің әуенімен өнер көрсетіп жүрміз. «Неге әлемдік додаларда қазақтың күйін әуелетпеске» деп осы композицияға нөмір дайындадық. Негізі, қыздарға образды ашу үшін Алаш тарихын оқуға кеңес бердім. Өзім «Оян қазақ» фильмін көрдім. Жалпы, қазір елімізде 10 мыңнан астам қыз көркем гимнастикамен айналысады. Кейде бір нөмірде 4-5 әуенді пайдаланамыз. 10 мың қыз жаттығады десек, әр қыз төрт бағдарламада өнер көрсетеді. Сол бағдарлама ішінде кем дегенде 10 композитордың еңбегін пайдаланамыз. Сонда 10 мың қыз 100 мың композицияны алуы мүмкін. Жаттықтырушылар композиторлардың артынан жүре ме, әлде балаларды жаттықтыра ма? Бірақ бұдан былай отандық композиторлардан рұқсат сұраймыз», – деді бапкер Меруерт Балғынбаева.
Білікті бапкер композитордың «билейтін туынды емес» деген сөзінің төркінін қыздардың костюмімен байланыстыратынын айтады. Оның сөзінше, қыздардың осы костюмі 300 мың теңге тұрады. Ал жаңа киім тігу тағы да шығын. Сондықтан басқа әуен тауып, бағдарламаны соған лайықтайды.
Осы даудан кейін ел ішінде пікір екіге жарылды. Бірі композитор шешімін даттаса, кейбірі бапкердің автор құқығын бұзғанын алға тартады. Ішінде «Бұл күйді тойда да қосып жатады, одан да әлемдік аренада орындалғаны құп емес пе?» деген пікір де бар. «Қандай болса да, автор құқығынан аттап кетуге болмайды» деп бекінгендер де жетерлік. Бұл даудың төрешісі кім екенін де топшылай алмадық. Себебі мәдениеттанушылар мұндай пікірталастан бойын аулақ салуды құп көріп отыр. Десе де, «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» дейтін Абайдың сөзі ойға оралады. Көп өтпей екі жақ та шешімін табар.
Негізі, көркем гимнастика мен мәнерлеп сырғанау спортында гимнасттар әртүрлі әуенге «құда» түседі. Көбінесе, мәнерлеп сырғанаушылар Димаш Құдайбергеннің әніне бағдарламаға қосады. Тек ел ішінде емес, шетелде де аталған әншінің дауысын «пайдаланады». Мысалы, 2020 жылы жапон фигурисі Тсуеши Хонда Димаштың орындауындағы «S. O.S. d’un terrien en detresse» әнін бағдарламасына қосты. 2024 жылы жас саңлақ Артур Смағұлов Қытайда өткен жастар арасындағы гран-приде Димаштың орындауындағы «Adagio-ны» еркін бағдарламаға енгізді. Харбинде өткен Азия ойындарында Софья Самоделника аталған әншінің Ave Maria және Stranger әнін еркін бағдарламасына арқау етті.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ