Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті, КСРО және Қазақстанның Еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәулет Тұрлыханов Загребте өтіп жатқан әлем чемпионатындағы Айдос Сұлтанғалидің тарихи жеңісі туралы пікір білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Айдос Сұлтанғали Қазақстанға грек-рим күресінен ересектер арасындағы әлем чемпионатының алтынын 26 жылдан кейін алып келді. Соңғы рет 1999 жылы Афинада отандасымыз Мхитар Манукян (63 кг) чемпион атанған болатын.
Дәулет Болатұлы бұл бәріне ортақ жеңіс екенін айтып, жас балуандарға сәттілік тіледі.
«Спорт жанкүйерлері! Қадірменді, күрес жанкүйерлері! 25 жылдан астам уақыт күткен алтын медаліміз! Грек-рим күресінен әлем чемпионатынан ересектер арасында. Міне, бүгін біздің 60 кг Айдос Сұлтанғали бауырымыз қол жеткізіп отыр! Бұл – біздің ортақ жеңісіміз! Құтты болсын, көптен күткен алтын медаліміз! Бұл тек қана жеңіс жолының бастамасы болсын. Алдағы қоятын мақсат, бұл – жеңіс! Бұл өте қуанышты жаңалық болды. Көзге кішкене жас та алдық! Бұл – қуаныш жасы! Біздің жас балуандардың талабын көрдіңіздер! Жас талантты балуандар өсіп келе жатыр. Кішкене кемшіліктер бар шығар. Бірақ болашақта жаттығу барысында жақсылап оларды дайындаймыз. Құтты болсын! Бүгін тек қана жақсылық туралы айтуымыз керек. Айдос бауырымыз жарады! Барлық жаттықтырушыға, балуандарымыздың осындай нәтижеге жетуіне көмектескен дәрігерлеріміз бар, массаж мамандары бар, облыстық, республикалық деңгейдегі жаттықтырушылардың бәріне рақмет айтамыз!» – деді Дәулет Тұрлыханов.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Публикация от Kazakhstan Wrestling (@kazwrestling_official)
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.