in

Лиссабонда қалған із

Өйткені алматылық клуб алғашқы таймнан-ақ жинақы ойнап, бірнеше соққы бағыттап үлгерді. Жас қақпашы Шерхан Қалмырза еуроаренада дебют жасап, талайды тамсандырды. Тарихи матч алматылық клубтың аяқ-алысы жаман емесін көрсетті. 

Эйфорияға толы 45 минут

Иә, «Қайрат» Португалия жерінде та­рихи ойын өткізді. 71 жыл ішінде еуро­аренаға аяқ басқаны осы. Оның үстіне, алматылық клуб бұл белеске шығу үшін төрт асу асты. Алдымен іріктеу кезеңінде үш ойынға қатысып, плей-оффта «Селтик­ті» ығыстырды. Сөйтіп Лиссабонға жетті. Фигу мен Роналду туған елге 12 сағат ұшып жеткені тағы бар. Оған кей матчта 120 минут тынбай ойнап, мик­ро­жарақатын «арқалап» келген ойыншы­ларды қосыңыз. Оның үстіне, қосалқы құрам бәсекеге қабілетті емес. Әрине, бұл матч есебін ақтауға себеп емес. Әрі ешкім «Қайратты» сөкпейді. Өйткені бар қазақ «барын беріп, бақанын сайлап» аттан­дырған-ды. 

Ойын ә дегеннен қауіпті ұрда-жық шабуылға құрылмады. Өйткені сапында Педру Гонсалвеш, Франсишку Тринкан, Гонсалу Инасиу сынды футболшысы бар команда аянып қалмасы анық еді. Бірақ бұлар да әліптің артын бағып, еуромау­сымдағы «беташар» ойынның оңай өтпесін аңдаған. Содан ба, алғашқы таймда «Қайрат­тың» қай жерге дейін баратынын сынап көргендей. Алматылық клуб та берілген мүмкіндікті пайдаланып, барынша ашық футбол ойнады. Іріктеу кезеңіндегідей төрт не бес қорғаушымен емес, еркін, шабуылға бейім өнер көрсетті. Сөйтті де, Дастан Сәтпаев Вирджиния қақпасына жой­қын соққы бағыттады. Егер қақпашы­ның ыңғайына дәл түспегенде, қақпа торын тулатары анық еді. 

Одан кейін шабуылшы Жоржиньоның да мүлт кеткені тағы бар. Бұл тұста алғашқы тайм түгелісер тұсқа дейін қорғаушылардың да сақ ойнағанын ескеру керек. Қақпашы­ның жарты команда екенін ескерсек, Шерхан Қалмырзаның Гонсалвештің соққысын Нойерше қайтарып, «Спортинг» капитаны Мортеннің «салын суға жібер­генін» айта кеткен жөн. Осылайша, қазақ үшін маңызды матчта еурокубок тарихына есімін жазды. ЧЛ жылнамасындағы ең жас дебютант-қақпашылардың қатарына кіргенімен қоймай,  пенальти тойтарған жас қақпашылар үштігіне енді. Осы тұста атақты Касильясты төртінші орынға ысырғанын айта кеткен жөн. Әсіресе, Қал­мырзаға да, командаға да оның пенальти тойтарғаны орасан күш берді. Дегенмен «әуселеңді көрдім, жарқыным» дегендей матчтың 44 минутында Тринкао алыс тоғыз­дықты дәл көздеді. Бұған қарап ше­бер­дің аты шебер ғой, шіркін, демесіңе қоймайды. 

Екінші тайм «Қайрат» үшін ауыр басталды. Өйткені үздік ойыншының бірі Громыко сіңірі тартылды ма, әлде басқа ма, ауыр қимылдады. Кездесудің екінші жартысында допқа таласта қарсыласқа қарсы тұра алмады. Арад пен Тапаловтың да «темірден жаралмағанына» көз жетті. Білесіздер, бұлар Словакия жерінде де, Алматыда да 120 минут тоқтамай шапқан-ды. Соны пайдаланды ма, үш минутта үш гол кіріп кетті. Гол соққан «Спортингтің» қай-қай ойыншысын алсаң да, «Қайраттың» қорғанысынан сурет салғандай өтіп жатты. Сөйтіп, 65-68 минут арасында матчтың ауаны өзгеріп сала берді. 

«Қайрат» сапынан ешкім аянып қал­мады. Бізде бастапқыда қақпашы мәселесі туғаны рас. 18 жастағы Шерхан Қалмырза кеше ғана бірінші лигада «Жетісайға» қарсы ойнап жүрген бала еді. Енді ЧЛ-де «Спортингқа» қарсы кездесу өткізіп, пе­нальти тойтарды. Позиция таңдауына талай­лар тәнті болды. Меніңше, «Қайрат­тың» осы маусымдағы философиясы –  ЧЛ-де академия түлектерін барынша танытуы. Жарнама жасап, түлектерінің осындай деңгейге көтерілгенін көрсету. Мысалы, Қайрат Боранбаевтың командасы  жалпы кезеңге шықпай тұрып, бірнеше трансфер жасауына болар еді. Бірақ ол басқа мақсат қойып, философиясынан жаңылмады. Әлем футболында «Аякс», «Бенфика», «Порту», «Спортингтің» өзі де осы ұстаным­мен жұмыс істейді. Егер осылай жалғаса берсе, скауттар алматылық клубтың Сәт­паев­тан басқа бір-екі ойыншысын байқауы мүмкін», – дейді спорт журналисі Олжас Байбосын. 

Футбол сарапшысы Ерсін Ерік те ака­демия тақырыбында ой қозғап, ЧЛ-де «Атлетиктің» академиясынан – 18 , «Барсе­лонаның» академиясынан – 11, «Бенфика­дан»  11 футболшы барын атап өтті. Оның айтуынша,  академия көрсеткіші бойынша 10 түлегі алаңға шыққан «Қайрат» пен «Аякс» әлемде 4-5-орынды бөлісіп тұр. 

Қосшыдан шыққан қақпашы

Бас бапкер Уразбахтин жігіттерге «мұндай сәт туа бермейді, ойыннан ләззат алыңдар» дегендей. Өйткені бастапқыда қобалжыған қақпашы Шерханның кейін көсіле бастағанын байқадық. Әсіресе, Гонсалвештің соққысын аяғымен тосып алғанда, жігерленгені білінді. Ал португал мықтысы абдырап қалды. Жалпы, оған қақпашы да, қорғаушы да мүмкіндік бермеді. Сөйтіп, бапкер Руи Боржес оны екінші таймда алмастырды. Сол сияқты клуб бомбардирі Луис Суарестің де айы оңынан туған жоқ. Алматылық клуб та мұн­дай қысымды бірінші рет сезініп, еуро­кубоктің шын дәмін татып, турнирде осал клуб жоғына көз жеткізіп қайтты. Жалпы, кезеңдегі сегіз матчтан тұратын тәжірибе мен сынақ «Қайратты» қайрамаса, сындыр­масы анық. 

Еурокубок бейсенбісінде 18 жастағы Шер­хан Қалмырзаның бағы жанды. Ман­сабындағы бар-жоғы екінші кездесуінде ЧЛ-дің тұрақты «ойыншысы» португал клубына қарсы тұрды. Жай тұрған жоқ, «шыбық» шағында пенальти қайтарып, қазақтан да болашақта Буффондай қақпашы шығуы мүмкін екенін көрсетті. Мына қызықты қараңыз, іріктеу кезеңінде «Сло­ванға» қарсы кездесуде клубтың бірінші қақпашысы Заруцкий ерледі. Плей-оффта «Селтиктің» үш пеналь­тиін бірдей қағып Анарбековтің есімі Алматы аспанында жаңғырды. Енді осы «дәстүрді» команданың үшінші қақпашысы жалғап, әлем назарын өзіне аударды. Оған матч аяқталғанда «Спортинг» жанкүйер­лерінің Шерханға құрмет көрсетіп, ұзақ қол соғып тұрғаны дәлел. Оған Тринканның өзі Қалмырзаға келіп, «еңсең түспесін» дегендей арқасынан қаққанын қосыңыз. Бірқатар әлемдік басылымның қазақ баласы туралы ақпарат таратқаны тағы бар. 

Мысалы, Албанияның Times Union басылымы Шерхан Қалмыр­заның дебюттік матчында пенальти тосқанына таңдай қаққан. Атақты Transfermarket сайты кәсіби мансабында 77 минут өткізген («Ақтөбемен» ойында алаңға шыққанын айтып тұр) жігіттің Лиссабонға жай келмегенін жазған. 7 мың шақырымды артқа тастап, дебют жасап, жұлдызды сәті туғанын тарқатқан. Үндістан басылымы да Қалмырзаның ЧЛ-дегі дебют ойынында пенальти қағып алған әлемдегі ең жас екінші ойыншы екенін, матчта басқа да соққыны қабылдағанын атап өткен. Бұдан да басқа басылым ақпарат жариялап, оның кәсіби мансабындағы небәрі екінші кездесуінде осындай өнер көрсеткенін, жілік майы толысқан тұста қандай боларын жіті қадағаларын қосқан. 

Ал қақпашының өзі төрт гол жібергеніне қынжылып, ойыннан соң «жанкүйерлерден кешірім сұраймын, басқа айтар сөзім жоқ. Мұндай деңгейде бірінші рет ойнадым. Бірақ бұл маған сылтау болмауы керек» деді. Пенальти қайтарғанда керемет сезімге бөленгенін, мұнымен матч бітпейтінін, алда қиын боларын білгенін жеткізген. Дегенмен кәсіби мансабын жаңа бастаған ойыншыны сөгудің жөні жоқ. Ол Лиссабон төрінде жасындай жарқылдады, қазақ футболының өркен жайғанын, «Қайрат» академиясында талантты балалар барын көрсетті. Көрсетті де, іштей «әлі-ақ қайта ораламын, мен шығар белес басқа, күт мені Еуропа» деді.  

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ