in

«Мені көбі өзбек деп ойлайды»: Қазақстан құрамасындағы боксшы өзі туралы айтты

Қазақстан құрамасының боксшысы Фарух Тоқтасынов «Спорт министрі» YouTube-арнасына берген сұхбатында ұлтына қатысты мәселеге нүкте қойды, – деп хабарлайды Aikyn.kz 1bol.kz-ке сілтеме жасап.

Боксшының айтуынша, оны көпшілік өзбек деп ойлайды екен.

«Мен өзбек емеспін, Өзбекстан азаматы да емеспін. Адамдардың 90 пайызы мені өзбекстандық деп ойлайды. Ұлтым –  ұйғыр, бірақ халықаралық жарыстарға шыққанда Қазақстанның туын көтеремін, өзімді қазақпын деп таныстырамын», – дейді ол.

Фарухтың сөзінше, кейбіреулер оны легионер деп те атайды екен.

«Легионер деп те жазатындар бар. Өзбектердің өздері «біз жақтан шыққан» деп айтып жатады. Тіпті Ресейдегі турнир кезінде өзбекстандық жаттықтырушылар осыған ұқсас сұрақтар қойды. «Странджа» жарысында да солай болды. Аты есімде жоқ, бір бапкер келіп: «Сен Өзбекстаннан емессің бе?» деп сұрады. Мен: «Жоқ, мен өзбек емеспін», деп жауап бердім», – дейді ол.

Фарух Тоқтасынов – 2025 жылы өткен «Странджа кубогының» күміс жүлдегері. 71 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалында ол отандық тәжірибелі боксшы Абылайхан Жүсіповке есе жіберді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM  арнасынан табасыз.