UEFA Чемпиондар лигасының кезекті матчында «Кайрат» мадридтік «Реалдан» ірі есеппен жеңілгеннен кейін бас бапкер ойын жайлы өз пікірін білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты kazfootball.kz сайтына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, команда үшін бұл кездесудің басты нәтижесі – баға жетпес тәжірибе.
«Әрине, жеңілу өкінішті. Бірақ біз тырыстық, жанкештілік таныттық. Ең кемі бір голға лайық болдық. Жанкүйерлерге алғыс айтамын, стадионда аншлаг болды. Олар жоғары деңгейдегі шеберлерді өз көздерімен көрді», – деді ол.
Бапкер сонымен қатар қарсыластың да деңгейін ерекше атап өтті.
«Біз мұндай жылдамдықта ешқашан ойнаған жоқпыз. Мысалы, Егорға Мбаппемен жарысу өте қиын болды. Бірақ біз ұйымдасқан ойнауға тырыстық. Жақсы эпизодтар да болды, дегенмен мойындауымыз керек. Біз әртүрлі дәрежедегі командалармыз», – деді ол.
Ол сондай-ақ Эдмилсонның пенальти кезіндегі айласын да түсіндірді: «Егер Дастан допты алған болса, оған қысым түсетін еді. Сондықтан Эдмилсон әдейі өзі тебетіндей қылды да, соңында Сатпаевқа бермек болды».
Мбаппе жайлы сұраққа бапкер: «Иә, қазір ол әлем футболының үздік ойыншысы деп ойлаймын. Оны алғаш рет тірідей көрдім. Бұл – мүлде басқа деңгейдегі футболшы. Оның үстіне Винисиус, Родриго, Биллингем де бар. Мұндай қарсыластармен ойнау – жас футболшыларымыз үшін баға жетпес тәжірибе», – деп жауап берді.
Оның айтуынша, команда алдағы чемпионат ойындарына назар аударады.
«Біздің басты мақсатымыз – чемпиондықты қорғау. Чемпиондар лигасына дайындалуға да уақыт жеткілікті болады. Мұндай жеңілістердің өзі бізді күшейтеді»,-дейді бас бапкер.