Шавкат Рахмоновтың экс-жұбайы Гүлайым Рахмонова желідегі парақшасында ерекше жазба қалдырып, отбасылық суреттерін бөлісті. Ол бұдан он жылға жуық уақыт бұрынғы өмірін еске алған, деп жазады astana24.com.
Бұған дейін жол апатына түсіп, қылмыстық жауапкершілікке тартылған Гүлайым Рахмонова Шавкат Рахмоновпен ажырасып кеткенін мәлімдеген болатын. Енді ол бұдан бірнеше жыл бұрынғы отбасылық суреттерін желіде жариялап, жазба қалдырды. Оның сөзінше, 2017 жылы спортшы жарақат алған.
"Бұл фотоларда ешқандай атақ ешқандай миллион ақшалар жоқ… Шавкаттың сол кездегі жалақысы 120 мың теңге болды. Бірінші фотода 2017 жылғы қаңтар айы. Алғаш рет аяғынан жарақат алып, жаңа жылдан кейін МРТ-ға түсіріп, сонау Пришахтинскідегі ауруханадан келе жатқан кезіміз… Аяғымыз ауырса да, білмеймін, мәзбіз. Тізеге жетер-жетпес қалың қар", – деп жазды ол.
Рахмонова Шавкат бұл оқиғадан кейін-ақ бірақ жетістікке жеткенін еске алды.
"Аянбай еңбек етіп, шыдамдылықтың арқасында жетті. Бізде бос уақыт деген болмайтын. Тұңғышымыз дүниеге келмей тұрып та, күнделікті режимді қатаң ұстанамыз. Күнде 3 мезгіл жаттығу, үйде де отыра алмайтын. 20-30 мин болса да өзін әурелеп, әйтеуір жаттығуы керек (фотодағы доп). Айтпағым, Шавкат спорт үшін жаралған адам, ондай адамдар мыңнан біреу болады", – деп жазды ол.
Сондай-ақ ол Шавкаттың UFC-де өнер көрсетуі екеуінің де арманы болғанын жасырмады.
"2016 жылдан бастап екеуміз қатты армандайтын едік. Жаз не қыс демей, таңғы 5-те тұрып аламыз. Ол жүгіріп кетеді, мен таңғы ас дайындап, аптаның бірінші күнін осылай бастаймыз. Ал демалған күндері қазақша жазып, оқимыз (ол Өзбекстанда туып-өскен соң өзбекше оқыған).
Сосын о,ө,ң әріптеріне келгенде ұрысып қаламыз. Бірақ жалғастырып оқимыз. Одан қалды UFC-ге автограф (қол қою) қоюға жаттығамыз. "Ертең фанаттарың көп болады, солар сұрайды, сонда әдемі қоюың керек", – деп.
Кейін тұңғышымыз өмірге келді Шавкат осы үлкен қызын ерекше жақсы көреді. Үй, спорт, отбасы деп, осылай тынбас еңбектің арқасында қазір бәрінің жағдайын жасап, бір елдің азаматы болып отыр.
Қызық… Уақыт өте келе, осының бәрін естен шығара салу немесе ойға алмау мүмкін бе?! Ешқандай өкініш жоқ, тек бір "әттеген-ай" бар. Мен көз жасымды көл қылып немесе өзімді жақсы, болмаса аянышты көрсеткісі келетін адамдардың қатарына жатқызбаймын. Бірақ осынша жыл өмірдің ішінде менің де зор еңбегім бар, оны ешкімге таптатпаймын. Уақыт келеді, бәрі ретімен өз іс-әрекетіне жауап береді", – деп жазған спортшының жары.
