Испаниялық сарапшы әрі Marca журналының журналисі Давид Руис “Қайраттың” қақпашысы Шерхан Қалмұрзаны Ла Лига клубтары бақылап жүргенін айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Massaget.kz сайтына сілтеме жасап.
Алматылық клубтың ойыншысы Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі алғашқы турда “Спортингке” қарсы ойында (1:4) пенальтиді қайтарды. Бұл матч жас қақпашының кәсіби деңгейдегі небәрі екінші ойыны болды.
“Скауттар “Қайрат” футболшыларын “Селтикке” дейінгі матчтарда да бақылағанына сенімдімін. Бірақ Чемпиондар лигасының негізгі кезеңі – мүлде басқа деңгей. Сондықтан осындай ойынынан кейін Шерханды Еуропаның үздік чемпионаттарында, соның ішінде Ла Лига да бақылап жүр деп ойлаймын. Ол тамаша дарынды қақпашы әрі небәрі 18 жаста”, – деді ол ASnews.kz-ке берген сұхбатында.
Transfermarkt дерегінше, Қалмұрзаның нарықтағы құны 200 мың еуроға бағаланады.
Бұған дейін Шерхан Қалмұрзаның есімі Чемпиондар лигасындағы ойынынан кейін “әдемі әрі қымбат” блокнотқа жазылып қойылғаны хабарланған. Сондай-ақ “Қайраттың” жас қақпашысы ЧЧ күнінің басты кейіпкері атанған еді.