Оразбек Асылқұлов 60 келіде бокстан Азия чемпионатында топ жарды, деп хабарлайды Қазақстан бокс федерациясына сілтеме жасаған astana24.com.
Бокс федерациясының мәліметінше, Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда ересектер арасындағы Азия чемпионатының шешуші күні басталды.
Бүгін Қазақстан ерлер құрамасынан алғаш болып жарыс жолына шыққан Оразбек Асылқұлов финалда Үндістан өкілі Сачин Сачинмен жұдырықтасып, 3:2 есебімен жеңіске жеткен.
"Отандасымыз алғашқы минуттан қарсыласына қысым жасап, соңғы раундта жеңісті жұлып алды", – делінген хабарламада.
Осылайша, Оразбек Асылқұлов 2026 жылғы Азия чемпионы атанды.
Айта кетейік, кеше бұл бәсекеде Қазақстан әйелдер құрамасы екі алтын, бір күміс медаль еншілеген еді.
Оларды жарқын жеңісімен президент Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады.
