in

«Орталық» стадионда орындалатын арман

Өткен аптада «Қайрат» футбол клубы Чемиондар лигасының жалпы кезеңіндегі алғашқы кездесуін Португалияның Лиссабон қаласында өткізді.  «Спортинг» командасына қарсы матчта 4:1 есебімен есе жіберді. Десек те, алғашқы ойынның өзінде команданың 18 жастағы қақпашысы Шерхан Қалмұрза Еуропаның назарына ілініп, турнир тарихында пенальти қайтарған екінші ең жас ойыншы атанды. Алда «Қайратты» өзге де алпауыт командалармен өтетін маңызды кездесулер күтіп тұр.         

UEFA Чемпиондар лигасы – Еуропадағы ең беделді турнир. Ойын аумағы Еуропа құрлығын қамтығанымен, жанкүйерлердің белгіленген шекарасы жоқ. Әсіресе, финалды әлем бойынша жүздеген миллион көрермен тамашалайды. Өткенге шегінсек, турнирдің тарихы сонау ХХ ғасырдың ортасынан басталады. Алғаш 1955 жылы «Еуропа чемпиондары кубогы» деген атаумен басталған турнир кейіннен 1992 жылы UEFA Чемпиондар лигасы болып өзгерді. Бұл кезеңде жарыстың форматы да жаңарып, топтық кезең енгізілді. Ал 2000 жылдардан бастап турнир әлемдегі ең танымал спорттық шаралардың біріне айналды. 

Ең қызығы, Чемпиондар лигасы тарихындағы алғашқы жеңімпаз және жеңіс тұғырынан ең жиі көрінген команда – «Реал Мадрид». Аталған клуб 1956-1960-жылдары қатарынан бес рет жеңіске жетті. Бүгінде мадридтік команда Чемпиондар лигасының 15 дүркін чемпионы атанып, ешбір клуб қол жеткізбеген рекорд орнатып отыр. Құрамында жаһандық деңгейдегі футбол әлемінің жұлдыздары ойнайтын команданың қаржылық әлеуеті де орасан екенін атап өткен жөн. Сарапшылардың бағамдауынша, «Реалдың» жылдық бюджеті, тіпті кейбір ұлттық федерациялардың мүмкіндігінен әлдеқайда асып түседі. Демек, мұндай алып клуб «Қайрат» үшін оңай шағылар жаңғақ болмайтыны анық. 

Енді Қазақстан алда төрт бірдей ойынды өз алаңында өткізеді. Бұл тұста Қазақстан Еуропа клубтарын қабылдауға дайын ба деген сауал туындайтыны заңдылық. Орталық стадионда ұлттық құрама мен «Қайраттың» талай тарихи ойындары өткенін білеміз. Алайда Алматыдағы алаңда осыған дейін халықаралық кездесулер болса да, Чемпиондар лигасы деңгейіндегі матчтарды өткізу үшін стадион қатаң талаптарға сай келуге тиіс. Орталық стадион шамамен 23 мың көрерменге есептелген. Бұл қалыпты көрсеткіш болып көрінгенімен, Еуропадағы танымал клубтар ойнайтын ареналардың сыйымдылығы 70-80 мыңнан асады. 

Көршілес мемлекеттерге көз салып қарасақ, мәселен Әзербайжан астанасы Бакуде 2015 жылы ашылған Baku Olympic Stadium 70 мың адамға арналған. Ауқымды арена әубаста UEFA, FIFA, IAAF стандарттарына сай жобаланған. Ал өзбек халқының ең үлкен ареналарының бірі – Ұлттық стадион 34 мың орыннан тұрады. Одан бөлек, қазір Қырғызстанда 50 мыңнан астам көрерменге арналған стадион салынып жатыр. 

Кейінгі жылдары «Орталық стадион бірнеше рет жөндеуден өтсе де, барлық талапқа бірдей жауап бере алады» деп айту қиын. Бұл тек мегаполисте емес, республика бойынша спорт инфрақұрылымына қатысты түйіні тарқамаған түйткілдердің барын көрсетеді. Сонымен бірге Чемпиондар лигасының матчын қабылдау алдында стадионның ауқымы мен толыққанды жабдықталуы ғана емес, әуежайдан бастап қонақүйге дейінгі логистика, жанкүйерлерді орналастыру, қаладағы қауіпсіздік мәселесі де айтарлықтай маңызды орынға ие. Осы тұрғыдан қарасақ, Алматы үлкен сынақ алдында тұр. 

Алматыдағы стадион мәселесіне қатысты берген жауабында Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев матч алдында барлық ескерту ескерілгенін мәлімдеді. Ескертулер негізінен алаңның жағдайына, трибуналарды жабдықтауға және ойынды қадағалайтын UEFA өкілдеріне арналған арнайы орындардың әзірленуіне бағытталған. Оның сөзінше, Алматыда бір емес, төрт матч өтетіндіктен, «Қайрат» футбол клубы стадионды өз қаражаты есебінен ретке келтірген. Алматы қаласы спорт құрылыстары дирекциясы орындықтарды ауыстыру мен қалпына келтіру, аумақты абаттандыру жұмысы жүргізілгенін, бұрын санитарлық-гигиеналық тораптарда жеңіл-желпі жөндеу жүргізілсе, қазір олар күрделі жөндеу жұмысынан өткенін жеткізді. Сонымен дирекция өкілдері Чемпиондар лигасының матчтарын өткізуге Орталық стадион сақадай сай екенін айта кетті. 

UEFA Чемпиондар лигасы аясында өтетін алдағы матчтар «Қайраттың» Еуропа алдындағы имиджіне, қазақ футболының халықаралық аренадағы беделіне қалай әсер етуі мүмкін? Ал «Реал Мадрид» мен «Қайрат» арасында өтетін ойында қазақстандық команданың қазіргі құрамы мен тактикалық мүмкіндіктері испан алпауыттарына төтеп бере ала ма? Сарапшылардың болжамына сүйенсек, қарсыластар арасындағы айырмашылық айқын болғанымен, кейде футболда күтпеген нәтижелер болып жатады. Футболдың ең қызық тұсы да сол – болжап болмайтын сәттер. Сондықтан спорт сарапшылары алдағы кездесуді әртүрлі қырынан бағалап отыр.  

Белгілі журналист, спорт комментаторы Есей Жеңісұлы жалпы кезең бойынша өтетін матчтарға байланысты негізгі мәселе – «Қайраттың» қай алаңда ойнаса да, бастысы гол соғып, Қазақстанның қоржынына ұпай салуға, үздік 24 команданың қатарына енуге тырысуы екенін алға тартты. Одан бөлек, журналист алматылық командаға қатысты ойландыратын мәселе бар екенін де қоса айтты.

–  «Қайрат» командасы Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне шығуға әбден лайықты болды. Сондықтан біз жарыстың негізгі кезеңіне шығып алып, «Қайрат» қарсыластарына түгел ұпай таратып береді және матчқа қатысқаны үшін риза болады десек, өз рухымызды түсіргеніміз болып саналады. «Қайраттың» қазіргі құрамы мен тактикалық мүмкіндіктері кез келген командаға төтеп бере алады. Сондықтан қарсыластар испан, португал немесе кипрлік команда болса да, жанкүйер ретінде ешқайсысынан қорықпаймын. Ең бастысы «Қайрат» ішкі қиындықтарды еңсере отырып, мұндай ойындарға жігермен шықса екен деймін.

Әрбір ойын бапкердің шешіміне және қандай тактика қолданатынына байланысты. Бұл тұрғыда Рафаэль Уразбахтинге сенемін. Алайда «Қайратта» бір ғана алаңдататын мәселе бар. Ол – ізбасарлардың аздығы. Мәселен, қазір клубтағы екі бірдей қақпашымыз жарақат алды. Енді олардың орнына алдағы маңызды кездесулерде 18 жастағы Шерхан Қалмұрза ойнауға тиіс. Сондықтан бұл мәселеге келгенде клубқа жастар командасындағы балаларды тартуға тура келеді. Бірақ «Қайраттың» барынша кадрлық проблемаларға тап болмай-ақ қоюын тілейміз, – деді Е.Жеңісұлы.

Мадридтік клубқа қарсы ойынды «Қайрат» өз алаңында өткізеді. Десе де, бұл артықшылық барлық матчта оң нәтиже бере бермейді. Спорт сарапшылары әлемдік деңгейдегі клубқа қарсы бұл фактордың ықпалы аз екенін, тіпті жеңіс тұғырынан көріну үшін ешқандай кедергі болмайтынын атап өтті. 

– «Қайрат» қаңтар айының соңына дейін төрт ойынды өз алаңында өткізеді. Егер «Реалдың» тұрғысынан алып қарайтын болсақ, «Қайраттың» матчты өз алаңында өткізуі ешқандай рөл ойнамайды. Бұрын сырт алаңда соққан бір гол екі голға бағаланушы еді, қазір мұндай әңгіме жоқ, – деді ол.

Кейінгі уақытта еліміздің халықаралық масштабтағы жобаларды қабылдау заманауи талаптарға сай инфрақұрылымды қажет ететінін, ал жауапты мамандар жұмысты әлі де жетілдіруіге тиіс екенін айқындады. Бұл тұрғыда Есей Жеңісұлы спорттағы инфрақұрылым мәселесі көңіл көншітпей­тінін және түйткілді шешу үшін кешенді түрде әрекет ету қажет екенін айтты. 

– Қазір жаттығу базаларының жағдайы ақсап тұр, тіпті көптеген команданың академиялары жоққа тән. Дегенмен бүгінге дейін қисапсыз қаражат бөлініп келді. Біз осының бәрінен енді ғана қорытынды шығарып жатырмыз. Инфрақұрылым мәселесін мемлекет мүддесі тұрғысынан жүйелі түрде шешу маңызды, – деді Е.Жеңісұлы. 

Ал спорт сарапшысы Бек Төлеу алдағы ойында «Реал Мадридтің» негізгі құрамының бірқатар ойыншысы сапта болатынын, нәтижесінде қарсылас команда бірнеше доп айырмасымен жеңіске жетуі мүмкін екенін болжап отыр. Сарапшының сөзінше, жанкүйерлер бұл кездесуді Қазақстан үшін футбол мерекесі ретінде қабылдауы қажет. Себебі мадридтік клуб Алматыға күнде келе бермейді, тіпті бұдан кейін жолы түспеуі де мүмкін. 

– «Реал» – әлемдік бренд. Оларға дүниежүзінде тең келетін командалардың өзі санаулы. Сондықтан дәл қазір «Қайратқа» бастысы жанкүйерлердің көңілін қалдырмайтын ойын көрсетіп жатса да жеткілікті. Алматы клубы өз тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне шығып отыр. Сондықтан олардан бірден жоғары нәтиже талап етуіміз орынсыз болады. «Қайраттың» толық құрамы «Реалдың» бір ойыншысының құнына жетпейді. Дегенмен кейде корольдік клубтың әлсіздерден сүрініп жататыны бар. Молдованың «Шериф», Ресейдің ЦСКА клубтары осы сөзімізге дәлел. Доп дөңгелек, жасыл алаңда бәрі болуы мүмкін, – деді Б.Төлеу. 

Спорт сарапшысының болжамынша, мадридтіктер үшін басты кедергінің бірі – Алматы тауларының қысымы болуы ықтимал. Алайда бұл қарсы тарапты тұсаулап, ойын нәтижесіне елеулі өзгеріс енгізеді деуге келмейді.   

– «Реал Мадрид» өзінің жеке ұшағымен, арнайы аспаздарымен келеді. Сондықтан олар матчқа жоғары деңгейдегі дайындықпен шығады. Құрам сапасына келсек, «корольдік клуб» Чемпиондар лигасын 15 рет жеңіп алған тәжірибелі ұжым ретінде бұл турнирді үлкен мәртебе санайды. Сол себепті олар «Қайратқа» да, өзге қарсыластарына да бірдей қарайды. Басты көздейтіні – гол соғу. Команда құрамын жасақтауға келер болсақ, бұл ұлттық құрама емес. «Қайраттың» хаттамасында 25 ойыншы бар. Соның арасынан дайындығы жақсы және жарақаты жоқ футболшылар матчқа шығады. Бас бапкер Рафаэль Уразбахтинге бәрі белгілі. Қазір командаға уақыт тығыздығы мен ойыншылардың жарақаты ғана кедергі келтіріп жатыр. Әсіресе, негізгі екі қақпашысының жарақат алуы үлкен соққы болды, – деді спорт сарапшысы. 

Қос команда арасындағы матч «Қайрат» клубы мен Алматы шаһарының әлем алдындағы халықаралық беделін арттыруға, билет сатылымы мен туристер ағыны қала экономикасына айтарлықтай пайда әкеледі. Онымен қоса, Бек Төлеу ойыннан келіп түсетін қаражат «Қайраттың» қосымша қаржы табуына жол ашатынын атап өтті.

– Тағы да қайталап айтам, «Реал Мадрид» сияқты ауқымды клубтың Алматыға келуінің өзі – үлкен жетістік. Мадридтік команданың Instagram парақшасының өзінде 177 миллионнан астам жазылушысы бар. Басқа да әлеуметтік желілердегі аудиториясын қоса есептесек, бұл көрсеткіш одан да жоғары. Демек, олардың әрбір жаңалығы әлемге таралып, «Қайратқа» назар аудартады. Бұл – қазақ футболының халықаралық имиджін көтеретін фактор. Сонымен қатар «Қайраттың» Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне өтіп, 36 үздік клубтың қатарынан табылуы – зор жетістік. Мысалы, Өзбекстан құрамасы әлем чемпионатына шыққаны үшін 12 миллион еуро көлемінде қаржы алды. Ал «Қайраттың» өзі Еуропаға шыққаны үшін 18 миллион еуро табыс тапты. Әрине, мұның өзі қомақты сома, ал әрбір жеңіс пен тең ойын үшін қосымша қаражат қарастырылған. Қазір клубқа қолдау танытып отырған компанияларды да көріп отырмыз. Мәселен, Air Astana әуекомпаниясы Чемпиондар лигасына шыққаны үшін «Қайратқа» ұшағын тегін беріп жатыр. Бүкіл жарнама беруші осындай жерде табылып, өздерін көрсеткісі келеді, – деп сөзін түйіндеді Б.Төлеу.

Спорт журналисі Аслан Қаженов те әріптесінің пікірімен келіседі. Оның сөзінше, билеттер сатылымға шыққан бойда «солд-аут» болады, сондай-ақ Чемпиондар лигасының жалпы кезеңі аясында өтетін алдағы матчтар шағын бизнес иелерінің кәсібін дөңгелетуге қолайлы жағдай туғызады.

– Билет құны салыстырмалы түрде қолжетімді болды. Себебі осыған дейін билет бағасы 500 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін деген болжамдар айтылды. Бұл Чем­пиондар лигасының ойыны болғандық­тан, 30 000-250 000 теңге аралығы лайықты баға деп ойлаймын. Билет сатылымынан келетін қаржы «Қайраттың» қазынасына түседі. Қаражат клубтың «жыртығын жамауға» көмектеседі. Ал ойын нәтижесіне келер болсақ, әрине бұл жерде фаворит «Реал» екенін ескеру керек. Қандай нәтиже болмасын «Қайратқа» ренжудің реті жоқ. Команданың Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне түсуінің өзі отандық футболдағы үлкен жеңіс деуге болады. Енді алдағы матчтарда футболшылар мен бапкерлерді сөкпей, тек ойыннан ләззат алу керек деп ойлаймын. Меніңше, ойында «Реал» жеңіске жетеді, тіпті есеп айырмасы үлкен болуы мүмкін, – деді А.Қаженов.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы