in

Орыс балуанына өз қателігімнен түсіп қалдым – Grand Slam турнирінің қола жүлдегері Мағжан Шамшадин

Оның айтуынша, орыс балуанына өз қателігінен түсіп қалған.

– Орыс балуанымен күресіп жатқанда түсіп қалдым. Ол – менің қателігім. Қазіргі ереже мен бұрынғы ереже өзгеріп кеткен. Мысалы, өткен жылдағы ереже бойынша партерден тұрып кетсең ойынды тоқтататын. Қазір ондай жоқ. Партерден тұрып келе жатқанымда өзім түсіп қалдым. Содан қателесіп, қарсыласқа ұпай беріліп кетті. Әйтпесе,   жаттықтырушы тактиканы қалай қойды, солай істедік, – дейді Мағжан Шамшадин.

Дзюдошының сөзінше, ол жарыс алдында қатты уайымдап, алаңдамаған.

– Көп жастарың жарыстың алдында жанып кетеді. Өзім ондай кезеңнен өтіп кеттім деп ойлаймын. Жалпы, жарыс басталғанда ештеңе ойламаймын. Есіл-дертім – қарсыласыммен қалай күресу керек, ағайымның қойған тактикасымен алып шығу. Боз кілемге шыққалы тұрғанда қарсыласыңмен ойша кездесіп, осал жағын іздей бастайсың.   Негізі қарсыластың бәрі мықты. Ішінде осалы жоқ, – деді ол.

Мағжан Шамшадиннің айтуынша, ол өз салмағындағы қарсыластың бәрін жақсы біледі.

«Өзімнің 60 келі салмағым бойынша барлық спортшыны, яғни 90 пайызын білемін. Олардың ойыны, күресі, тактикасын бақылап, қандай екенін де көріп шыққанмын. Білмесем, жаңадан қосылған жас спортшылар шығар. Десе де, боз кілемге қандай қарсыласпен шықсақ та барымызды саламыз. Ары қарайғы нәрсені бір Аллаға тапсырамыз», – дейді Мағжан Шамшадин.