Қазақстан боксы тағы бір жас жұлдызымен мақтана алады. 22 жастағы Санжар Тәшкенбай 2025 жылы Ливерпульде өткен әлем чемпионатында топ жарып, ел қоржынына алғашқы алтынды салды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұл жеңіс тек бір боксшының жетістігі емес, тұтас қазақ спорты үшін тарихи сәт болды.
Кішкентай кезден басталған табыс және рекорд
2003 жылы Түркістан облысының шағын ауылында дүниеге келген Санжардың чемпиондық жолы оңай болған жоқ. Талай еңбек пен үздіксіз жаттығудың арқасында ол қазіргі дәрежеге жетті. Ол алғаш рет 2023 жылы, небәрі 19 жасында әлем чемпионы атанып, Қазақстан тарихындағы ең жас чемпиондардың бірі атанды. Ол кезде С. Тәшкенбайдың жасы шамамен 19 жас 11 ай шамасында болды. Бұл рекорд кейін жанындағы командаласы Төрехан Сабырханның еншісіне өтті. Т. Сабырхан 19 жас 7 ай шамасында болды. Дегенмен Тәшкенбайдың есімі қазақ боксының алтын парағына жазылды.
Ол негізі карьерасын MMA, яғни, ережесіз жекпе-жектен бастаған. Талай додаларда жеңімпаз атанған. Тек кейін 14 жасынан бастап бокспен тұрақты айналысты. Жастар арасындағы әлем біріншілігіндегі жеңісінен бастап, Азия чемпионаттарындағы табыстары – оның тұрақты еңбегінің жемісі. Бапкерлері айтқандай, Санжардың басты қаруы – төзімділік пен тәртіп.
Қарапайым отбасынан шыққан чемпион
Санжардың өмір жолы көпшілікке үлгі. Әкесі такси жүргізушісі, ал анасы үй шаруасымен айналысады. Чемпиондық атақ алғаннан кейін ол, ең алдымен әкесіне жаңа көлік сыйлап, жұртшылықты таңғалдырды. Бұл әрекет жас спортшының қарапайымдылығы мен отбасына деген құрметін айқын көрсетті.
Жеке өміріндегі қиындық
Әрбір чемпионның жолында сынақтар болады. Оның спорттан тыс өмірінде де қиындықтар аз емес. Университеттегі оқуын уақытша тоқтатуы – көпшіліктің біле бермейтін қыры. Оқуға баруға уақыты болмай, біраз сабақтан қалып қояды. Кейін әскерге барып, Отан алдындағы борышын адал атқарып келеді.
Алдағы арманы – Олимпиада
Әлемдік рингте өзін дәлелдеген Санжардың келесі үлкен мақсаты – Олимпиада шыңы. Себебі осы Париж Олимпиадасына барар жолда ол жасы өзінен едәуір үлкен Сәкен Бибосыновқа жол берген еді. Сол кездің өзінде біраз спорт маманы С. Тәшкенбайдың Олимпиадаға баратындай уақыты болғанын жазған. Өзі айтқандай, әлем чемпионаты – Санжар үшін үлкен жолдың бастауы ғана. Қазақ жанкүйерлері оны енді келесі Олимпиаданың төрінен көруге үміттеніп отыр.