Оңтүстік Кореяның Чечхон қаласында 5-15 маусым күндері спорттық гимнастикадан ерлер мен әйелдер арасында Азия чемпионаты өтеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Бұл – Олимпиададан кейінгі алғашқы құрлық жарысы. Әуелі ерлер 5-8 маусымда кім мықтыны анықтаса, 12-15 маусымда әйелдер жүлдеге таласады.
🔹Ұлттық құрама сапында кімдер сынға түседі?
Ерлер: Нариман Құрбанов, Милад Карими, Ілияс Азизов, Дмитрий Патанин мен Әлішер Тойбазаров, Роман Маменов;
Әйелдер: Аида Құрбанова, Дарья Ясинская, Медина Қапбасова, Арина Лебедева, Эвелина Ежова.
🔹Спортшыларымыздың негізгі қарсыласы кім?
Біріншіден, спорттық гимнастика – сары құрлықта қарқынды дамыған спорттың бірі. Мәселен, Париж Олимпиадасында ерлер арасындағы 8 алтынның жетеуі Азия елдерінің еншісінде. Бұл қатарға тағы бірнеше күміс пен қола жүлдені қосуға болады. Жапония, Қытай гимнастары – кез келген байрақты бәсекенің басты фавориті. Сондай-ақ Қытайдың Тайпейі, Қазақстан, Филиппин, Оңтүстік Корея, Өзбекстан мен Иордания командасы тұрақты түрде медаль үшін таласқа қызу араласады.
Нариман Құрбановтың тұтқалы ат снарядындағы негізгі қарсыласы – Ахмад Әбу әл-Сауд (Иордания), Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, Азия ойындарының 2 дүркін жеңімпазы Ли Чи Кай (Қытайдың Тайпейі), Хур Вун (Оңтүстік Корея). Тағы бұл қатарға 2 дүркін Олимпиада чемпионы Зоу Цзиньюань (Қытай), Такаки Сугино мен Шинносукэ Ока (Жапония) секілді спортшыларды қосуға болады.
Еркін жаттығуда әлем чемпионатының қола жүлдегері Милад Каримимен бақ сынайтын қарсыластардың қарасы қалың. Отандасымыздың оң жамбасына келетін көпсайыста, керме және еркін жаттығуында 2 дүркін Олимпиада чемпионы, әлем және Азия біріншілігінің жеңімпазы Карлос Эдриэль Юло (Филиппин), Олимпиада чемпионы Лю Ян, Зоу Цзиньюань, Чжан Бохэн (бәрі Қытай), Шинносукэ Ока (Жапония), жарыс қожайыны Рю Сун Хённің есімін атауға болады. Бұл гимнастың бәрі осыған дейінгі Олимпиадаға, әлем чемпионатына қатысып, жүлде алған.
🔹Осыған дейінгі Азия чемпионатындағы көрсеткіш қандай?
Былтырғы сары құрлық чемпионаты мамырда Ташкент қаласында өтіп, Қазақстан командасы ересектер арасында 2 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль жеңіп алған. Ол кезде біз үшін бірнеше тарихи нәтиже тіркелген. Мәселен, Милад алғаш рет Азия чемпионатының алтынын мойнына тақса (керме жаттығуы), Аида Құрбанова әйелдер арасында Қазақстанға Азия чемпионатының алғашқы жүлдесін тарту еткен.
Сондай-ақ 2023 жылы Сингапур астанасында өткен чемпионатта Қазақстан ерлер арасындағы командалық сында алғаш рет жүлде алған. Біздің гимнастар Қытай мен Жапония құрамасынан кейін тұғыр сатысына көтерілген.