12 спорт түрінен 76 атлет барғанымен, үш спорт түрінен жүлдегерлер қатарына енді. Германияның төрт қаласында өткен дода көрерменге ерекше әсер сыйлады. Өйткені студенттер додасы алғаш рет бірнеше қалада ұйымдастырылды.
Берлиндегі белес
Иә, спортшыларымыз Универсиаданы 11 медальмен аяқтады. Студенттер сайысында қоржынға 1 алтын, 10 қола медаль түсті. Осылайша, 37 орынға жайғастық. Әрине, бөрікті аспанға атар нәтиже емес. Десе де, кейінгі жылдары таеквондодан тасымыз өрге домалап тұрғанын дәлелдедік. Германияға барған 13 таеквондошының алтауы жүлде ілді, ішінде алтын жүлдесі тағы бар. Оған аралас құрама мен әйелдер құрамасы ұтып алған екі қоланы қосыңыз. Сонда бір спорт түрінен 8 жүлде еншіледік. Әсіресе, таеквондошылардың бір-бірін демеп, алаң сыртында арқадан қаққаны қандай ғанибет. Самирхон Абабакиров алтын медаль алғанда бәрі сүйіншілей жүгірді. Өйткені 5 қоладан кейін, бір алтын күткеніміз анық. Ол финалда түрік спортшысы Омер Дайоглуны жеңіп, алтыннан алқа тақты. Қалған қыз-жігіттер бабында күресті, тек сәттілік жетпегені рас. Сөйтіп, Тамирлан Тілеулес, Дамир Шуленов, Батырхан Төлеуғали, Нодира Ахмедова, Бейбарыс Қаблан қола медаль алды. Соның ішінде Батырхан Төлеуғали жартылай финалда төрешінің бұра тартқанын ашық айтты. Оңтүстіккореялық қарсыласымен бұдан бұрын да кездескенін, сол үшін зерттеп келгенін, кездесуде де сәтті өнер көрсеткенін атап өтті. Қай таеквондошыны алсаңыз да, күзде өтетін әлем чемпионатында есені қайтарамыз деп отыр.
«Универсиада ойындарына бірінші нөмірлі спортшыларды әкелдік. Алда Әлем чемпионаты күтіп тұр. Бір жағынан соның алдындағы дайындық іспетті болады. Басқа елден де үздіктер жиналған. Шәкірттеріме көңілім толды. Топ-6 құрамаға кірдік. Тренерлік топ, федерация бірігіп, жүйе бойынша жұмыс істедік. Көрдіңіздер, нәтижесін берді. Кей спортшыларда психологиялық баръер әлі де бар. Елге жеткен соң, жұмыс істейміз. Самирхон Абабакиров өзіне жүктелген міндетті мүлтіксіз орындады. Ал кей спортшыға сәттілік жетпесе, кей тұста төрешінің де қателігі бар. Дегенмен күздегі аламанға тастүйін дайындаламыз», – деді таеквондодан ұлттық құраманың бас бапкері Есбол Сұлтанов.
Таеквондодан кейін, дзюдодан екі қола медаль бұйырды. -60 келіде өнер көрсеткен Аман Бақытжан мен -66 келіде белдескен Нұрқанат Серікбаев үшінші орын алды. Белдесуден кейін Аман Бақытжан журналистер сауалына: «бабым келмеген соң, ыңғайлы күресе алмадым», – деп жауап берді. Бапкерлердің демеуімен қолаға қол жеткізгенін, әсіресе Бекжан Әбдуәли бапкеріне алғыс айтатынын жеткізді.
Ал -66 келіге енді тіс батыра бастаған Нұрқанат Серікбаев ә дегеннен сәтті өнер көрсеткен. Көпшілік оны финалға дейін сүрінбей жетеді деп ойлады. Сценарий жартылай финалға дейін айна қатесіз орындалып келе жатқан. Бірақ финалға таяқ тастам жерде сүрініп, IJF өкіліне есе жіберді. Ал қола жүлде үшін бәсекеде украин балуаны Микита Холобородкодан басым түсті.
«Универсиадаға жастарды алып келдік. Барынша тырыстық, бірақ медаль болмады. Қыз-жігіттер медаль алу үшін барын салды. Сәттілік жетіспеді. Ыңғайлы күресе алмадым. Әйтпесе, анау айтқандай қарсылас жоқ. Алда бел шеше күресетін сәт туады». Ал Аман мен Нұрқанаттан басқа дзюдошылар жүлдеге іліге алмады.
«Көрдіңіздер, бақ пен бап қатар шаппай қалды. Жартылай финалда ұтып тұрған жерден ұтылдым. Санаулы секунд белдесу тағдырын шешіп кетті. Тактикалық тұрғыда асықпай, шегіне күресуім керек еді. Бұл маған үлкен сабақ болды. Жалпы, универсиадада медаль еншілегеніме қуаныштымын. Жаңа салмақ жағып жатыр. Осы жарысқа әлемдік айтулы жарыстарда топ жарып жүрген жігіттер келген. 66 келіде әлі талай биікті бағындыратыныма сенемін», – дейді балуан Нұрқанат Серікбаев.
Жүлдеге дейінгі бір қадам
Студенттер додасының тағы бір қоласын гимнаст Айбота Ербайқызы әперді. Ол таспамен жаттығуда 26.600 ұпай жинап, үшінші орын алды. Бұл сында алтын өзбек спортшысы Тахмина Икромоваға (28.700), ал күміс медаль белорус қызы Алина Горноськоға (27.850) бұйырды. Ал отандасымыз ұршықпен жаттығуда 26.800 ұпай жинап, 4 орын алды. Одан бөлек, доп пен шығыршықта да әдемі өнер көрсетті. Финалдан кейін өзі де бапкер қойған тапсырманы түгел орындағанын, барын салғанын айтты. Барлық жаттығуды мүлтіксіз жасап, төрт жаттығуда көрсеткен өнері ұнағанын жеткізді. Әсіресе, таспамен жаттығуда суда жүзген балықтай болғанын қосты. Алда кішігірім қателікті түзеп, жарқын жеңіспен қайта оралатынын атап өтті.
Жүлдегерлерден басқа атап өтер тағы бір ойыншы болса, ол – Дмитрий Потанин. Спорт гимнастикасынан сынға түскен ол 4 орын алып, жүлдеге бір табан жетпей қалды. Өзі де финалдан кейін төрешілер нәтижені қайта қарап көруі керегін айтқан-ды. Көпсайыста барын салып, жаттығуды мүлтіксіз орындады. Жанкүйерлер де Потаниннің медаль алатынына сенген еді. Өзіне сенімді спортшы екені көрініп-ақ тұрды. Оның үстіне, бәсеке жоғары болды. «Сен тұр, мен атайын» дейтін жастар жиналған екен. Десе де, Дмитрий болашағынан үміт күттіретін, Милад Каримидің ізін басар жастар өсіп келе жатқанын дәлелдеді.
Ал жеңіл атлетикадан сынға түскен Кристина Овчинникова финалға шыққанымен, жүлдесіз қалды. Ұзындыққа секірген ол финалға дейін 1.81 метрге секірген еді. Ал финалда 1.76 метрді бағындырды. Өзі де ақтық сынға дейінгі нәтижені қайталай алмағанына өкінген-ді. Осы бәсекеге қатысқан тағы бір отандасымыз Елизавета Матвеева іріктеуден өте алмады.
Қош, Қазақстан құрамасы Германияда өткен XXXII жазғы Универсиада ойындарын 11 жүлдемен аяқтады. Тарихқа көз жүгіртсек, еліміз 2011 жылы Шэньчжэньде өткен Универсиадада 44 орын алған. Жалпы саны алты медаль еншілеген. Кестедегі орын саны бойынша келесі төмен нәтиже осы, Германиядағы дода болып тұр. Кейінгі екі универсиаданы салыстырсақ, ел құрамасы 2019 жылы Неапольда өткен жарыста бір қола, бес күміс пен бір қола алған. Одан кейін пандемияға байланысты 2023 жылы өткен Чэндудегі Универсиадада екі алтын, жеті күміс пен 11 қол қоржынға түскен. Биыл құрамаға күміс медаль бұйырмады. Қанжығада бір алтын мен 10 қола медаль бар. Бастапқыда сарапшылар осы студенттер додасында өткен Универсиададағы нәтижені қайталай алатынымызды айтқан-ды. Жеме-жемге келгенде олай болған жоқ. Универсиадаға 12 спорт түрінен спортшы апарсақ, үш спорт түрінен ғана жүлде бұйырғаны тағы бар. Келесі Универсиадаға дейін кем-кетікті түземесе, жалпы есепте жоғарылау мұң болып тұр. Ал келесі дода 2027 жылы Оңтүстік Кореяда өтеді.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ