in

Талпыныс пен тоқырау: қысқы спорттағы қысқа қадам

90-ға жуық елдің арасынан 19-орынға тұрақтап, тарих сахнасына алтын әріптерімізді жазып кеттік десек, артық емес. Алайда ішті ашытқан мәселелер жоқ емес. Негізінде, 36 спортшымыз аттанған жарыстан тек бір медальмен қайтқанымыз өте нашар нәтиже. Мұның сұрауы бар ма? Қаншама қаржы жұмсаған қысқы спортымыздың ахуалы осы болғаны ма? 

Алтын жыртыққа жамау болмайды

Михаил Шайдоровтың алтыны бүкіл қазақ елінің төбесін көкке көтергені рас. Сонау жылдан бері алтын ұстау бақыты осы Мишабайға бұйырыпты. Тек біз ғана емес, әлем жұрты үлкен таңданыспен Мишаның жеңісіне ерекше қолдауын білдірді. Михаил болмағанда қай орынға жайғасатынымызды кім білсін?! Тіпті, күміс, қоласы екі есе қарсы­ластарымыз бізден жоғары көтеріле алмады. Алтынның құдіретін, міне, осындайда байқайды екенсің. Бірақ спорт аналитигі Айдос Рымқұлдың сөзінше, бір Олимпиаданы бір алтынмен өлшеу әділетсіз. 

– 94 елдің ішінде 19-орынды жаман көрсеткіш деп айту дұрыс болмас еді. Оның үстіне қысқы Олимпиададағы кейінгі алтынымыз бұдан 32 жыл бұрын алынғанын ескерсек, бұл белгілі бір деңгейде нәтиже бар екенін көрсетеді. Бірақ бір ғана алтын медальға сүйеніп, бүкіл құраманың жұмысына «жақсы» не «жаман» деп үкім шығару – үстірт көзқарас. Команданы бағалау үшін әр спорт түріне жеке үңілу керек. Кей бағыттарда расымен де регресс бар, ал кей салаларда, керісінше, ілгерілеу байқалады. Біреуінде жас буын өсіп келеді, біреуінде тұрақтылық жоқ. Сондықтан бәрін бір алтынмен өлшеу – әділетсіз, – дейді ол.

Ендігі нәтиженің бәрі көз алдымызда. Спорт сарапшысы Анық Көкенайұлы өзінің бір сөзінде Михаилдың алтынын «барлық жыртыққа жамау қылдырғанды қою керек» деді. Оның айтуынша, «үздік ондыққа кірдік», «үздік жиырмалықта болдық», «жеке рекорд жаңарды», «финалға шықтық» деген жұбату сөздермен қоғамды алдаусыратуды доғару керек. 

– Иә, спортшы үшін бұл – жеке жетістік болуы мүмкін. Бірақ ел қаржысы жұмсалған соң, жанкүйер де, салық төлеуші де нақты нәтиже күтеді. Әсіресе, Олимпиада деңгейінде «қатыстық», «тәжірибе жинадық» деген тіркестер көңілге медеу бола алмайды. Әр спорт түрі бойынша ашық әрі нақты есеп берілуге тиіс: қай бағытта өсім бар, қай жерде құлдырау бар? Неге кей құрамалар төрт жылда алға жылжыды, ал кейбірі орнында қалды? Қоғамға жалпылама емес, шынайы талдау керек. «Финалға жеттік» деген бір ауыз сөзбен емес, сол финалда неге жүлде болмады деген сұраққа да жауап берілуге тиіс. Сонда ғана спорттағы жүйелік мәселелер ашылады, сонда ғана даму туралы әңгіменің шынайы салмағы болады, – дейді спорт сарапшысы.

Кей спортта құлдырау бар

Бұған дейін газетімізде шорт-трек спортының құлдилай құлдырағанын жазған едік. Одан бөлек, осы қысқы олимпиада да оң жамбасымызға келеді-ау деген спорт түрлерінен мақұрым қалдық. Тәуелсіздік жылдарынан кейін шаңғы, биатлон жарысынан Владимир Борцов, Алексей Полторанин сынды үлде мен бүлдеге бөлеп жүрген спортшы­ларымыздың ізін жалғағандар жоқтың қасы. Тіпті, бұл спортта құлдырау бар десек жаңылмаймыз. Оған дәлел – Италияда өткен қысқы Олимпиадада 1,5 шақырымдық шаңғы жарысында қар мүлде жаумайтын Гаити, Нигерия, Бразилия, Таиланд секілді елдердің өкілдерінен артта қалдық. Жылдың 6 айын қыспен өткізетін біздер үшін өте нашар нәтиже.

Осы ретте Норвегияда 1994 жылы өткен қысқы Олимпиадада еліміздің көк байрағын желбі­реткен Владимир Смирнов шаңғышы­ларымызға өз бағасын берген еді. Оның айтуынша, шаңғы спортына дұрыс көңіл бөлінбей жатыр.

– Әлбетте, мен де жаман баға берер едім. Бұрынғы Олимпиадаларда нәтижелер әлдеқайда жақсы болған еді. Қазір елде шаңғы спорты түрлері тұралап тұр. Басты себеп аз уақыт бөлінуі деп ойлаймын. Әсіресе, қысқы спорт түрлерін дамытудың дұрыс бағыты жоқ. Мұндағы басты нәрсе – қыста әр спорт ерекше жағдайды талап етеді. Шаңғы жарыстары, биатлон, тау шаңғысы секілді қысқы спорт түрлерінің әрбіріне жеке стадион, жеке трасса қажет. Тиісінше, білікті бапкерлер мен техперсонал да ауадай қажет. Ал бұл бізде жетіспейді. Жазғы спорт түрлерін жанына серік еткендерге кез келген уақытта дайындалуға оңайырақ, себебі бір стадионда балуандар да, боксшылар да жаттыға алады. Жеңіл атлет те, ауыр атлет те сонда шыныға алады. Олардың бәрі бір стадионның радиусында шеберлігін шыңдай алады. Оларға анау айтқандай үлкен жағдай қажет емес. Ал қысқы спортта жағдай тіпті бөлек. Мұнда спорт инфрақұрылымы дамымаса, жаттығу қиын. Барлығы балаларға да бейімделген болуы керек. Бапкерлер бір орында тұралап қалмай, үнемі білік­тілігін арттыруға тиіс. Бізде осы нәрсе жетіңкіремейді, – дейді Владимир Смирнов.

Спорт сарапшысы Анық Көкенайұлы да чемпионның сөзін қостап отыр. Оның ойынша, осы додада әттеген-ай дейтін жерлеріміз көп болды. 

– Бұрын фристайлдан үміт бардай көрінетін. Әсіресе, өткен циклдарда бұл бағытта қозғалыс бар сияқты еді. Алайда осы жолы құраманың нәтижесі көңіл көншітпеді. Тұрақтылық жетіспеді, шешуші сәтте батылдық пен шеберлік толық ашылмады. Ал трамплиннен секіруде үміт отын жаққан бір сәт болды. Жас спортшымыз Илья Мизерных аралық кезеңде тіпті көш бастап, жанкүйерлерді елең еткізді. Дегенмен дәл сол сәтте медаль үшін таласуға мүмкіндік болғанын ескерсек, бұл нәтиже қуанышпен қатар «әттеген-ай» дегізеді. Өкінішке қарай, қалған спорт түрлерінде айтарлықтай табыс байқалмады. Жалпыкомандалық картинаға қарасақ, біз бұл Олимпиадада айқын басымдық көрсете алмадық, – дейді ол.

Кешенді бағдарлама жоқ

Үшінші олимпиада қатарынан «неге жүлде жоқ, нәтиже неге төмен?» деген сұрақтар айтылып келеді. Бір алтынға қарық болып, соның көлеңкесінде қалдық. Не дегенмен қыруар бөлінген қаражаттың бір алтынмен ақталмайтынына бәрі куә. 

– Негізінен, біз ең бірінші қысқы спортқа аса жоқпыз. Бірақ бұл біздің қолымыздан келмегендіктен емес, арнайы кешенді бағдарламаның жоқтығынан. Оны бұған дейін айттық. Қысқы спорт қана емес, жалпы спортқа келгенде бізде кешенді бағдарлама мүлде жоқ десе де болады. Кез келген шенеунік ұзақмерзімді бағдарлама жасаса дейсің. Онымен қоса, әр елдің белгілі бір спорт түріне икемі болады. Кез келген ел соған сай әрекет етуде. Әркім өздері қолдарынан келетін спортты дамытуда. Осы жағынан қалыс қалып келеміз. Нәтиже береді-ау деген спортқа басымдық беріп, қаржыны да соған сай бөлу керек. Қыс болады деп барлығына тең қарап, ақша шашып, Олимпиададан медаль алмайтынын біле тұра жүлде күтудің керегі жоқ. Келесі Олимпиадаға дейін уақыт пен қаржы бар. Соны тиімді пайдаланып, бір емес, бірнеше жүлде алсақ жаман болмас еді, – дейді Анық Көкенайұлы.

Иә, дәл осы ойды Олимпиада чемпионы Владимир Смирнов та қолдап отыр. Оның айтпағы, еліміздегі әр аймақтың спортына ерекше көңіл бөлсе екен дейді. 

– Әр спортты жеке қарау керек. Тағы бір айта кетерлігі, аймақтарды белгілі бір спортты дамытуды міндетті етіп қойса, жақсы болар еді. Мысалы, «мына аймақ тау шаңғысын дамытуға жауапты», «ал мына бір аймақ конькишілерді баптауға жауапты болсын» деп аумағы кең елімізді спорттық аймақтарға бөлсе деймін. Әр аймақ белгілі бір спортты дамытуға жауапты болса тиімді болар еді. СҚО, Ақмола, Павлодар, Өскемен секілді облыстарда шаңғы, биатлон, тау шаңғысы, коньки спортын дамытуды басты назарда ұстау керек. Түркістан облысынан шаңғышыны баптап шығаруға тырысудың қажеті жоқ. Ол облыс өзінше мықты, – дейді Олимпиада чемпионы.

Қорытындылай айтқанда, сарапшылар не айтса да дөп айтты. «Үздік ондық», «тәжірибе жинадық» деген жұбату сөздер бізге медаль алып келмейді. Егер расымен қысқы спортта бәсекеге қабілетті ел боламыз десек, жүйені қайта қарап, нақты реформаларға бару қажет.

Әсет ҚАЛИ