Матч 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аясында өтті. Жігіттер жеңісті жұлып алуға тырысқанымен, болмады. Кардиффтен келген 1200 жанкүйер мәз-мейрам тарқасты. Ал біз бір бас жоғары ойын өрнегін көрсеткенімізді біле тұра, ұпайсыз қалдық.
Иә, Уэльспен ойын турнир кестесіндегі жағдайға тікелей әсер етеді. Бұл ойынға дейін Крейг Беллами шәкірттері төрт матчта жеті ұпай жиған. Ұлттық құрама болса, үш ойында үш ұпай еншілеген. Тек Лихтейнштейнге шамасы жеткен. Сол үшін Уэльске қарсы ойында «не бел, не белбеу кетуі» керек-ті. Бірақ жігіттер құны қымбат үш ұпайды сыйлай алмады. Әгәрәки, ұтылмай, қайта ұпай алғанда алдағы Әлем чемпионаты дейтін биік бағынар ма еді, кім білсін?!
Академиядан шыққан 8 ойыншы
Қазақстан құрамасы жасарып келеді. Осы ойында ұжымның ширақ қимылдап, бірақ содан таяқ жеп жатқан тұсы болды. Әрине, тәжірибе рөл ойнайды. Бірақ бас бапкердің тәжірибесіне үңіліп көрейік. Оның ойыншы кезінде Түркияда доп тепкені рас. Бірақ футбол сарапшысы Ермұхамед Мәулен айтқандай, әлемдік доданың қазанында қайнамаған. Бапкер ретінде де «Қызылжарды» жаттықтырып, бірінші лиганы жеңген. Демек, ел чемпионатында бірде-бір трофейі жоқ адам құрама тізгінін ұстап тұр. Ал федерация басшылығы деңгейі құрама баптауға жетпейтін тұлғаны қалайша қатарына қосқан? Осы матчтан кейін мәселені майшаммен қарамаса болмас. Сатистиканы сөйлетсек, Әли Әлиев кейінгі жеті матчтың екеуінде жеңіске жетті. Ұжымның ұйыса өнер көрсеткені Кюрасаомен жолдастық кездесуде көрінді. Одан кейін, әрине, осы J тобындағы аутсайдер Лихтенштейге әлі жетті. Қалған бес ресми және жолдастық кездесуде барлығы 11:2 есебімен жеңілген екенбіз.
Неге халық та, маман да Әли Ханәлиұлының шешіміне наразы болды? Себебі бапкер жас саңлақ Сәтпаевты үйреншікті қапталға қоймағанымен қоймай, Ғалымжан Кенжебекті 65 минутта ауыстырып тастады. 17 нөмірлі өреннің ойынына таңдай қақпағаны кемде-кем. Алға ұмтылуы, қарсыласын бұзып-жарып өтуі, қаймықпай соққы бағыттауы қуантты. Дегенмен сәттілік ұлттық құраманың басынан сипамады. Кенжебектің орнына алаңға шыққан Ислам Чесноков та тәуір ойын көрсетті. Осыған қарап «қолымды мезгілінен кеш сермедім» дегеніміз бар.
«Бастапқыда Уэльске басымдық бергеніміз рас. Бірақ бұл тактикалық шешім еді. Барынша қорғанып, қарсыластың қарқыны бәсеңдегенін күттік. Өйткені жасанды алаң, ауыр жол ойыншыны шаршатады. Алайда олар бір гол соғып кетті. Біздің соққы маңдайшаға тиіп жатты. Байқасаңыз, кейінгі екі ойында бес рет маңдайшаны көздеппіз», – деді баспасөз мәслихатында Әли Ханәлиұлы.
Бапкер айтқандай, Кардиффтен келгендер жұмбақтың жауабына ерте шешім қойғандай.
Ойынның 24-минутында төртінші бұрыштамасын көтеріп, ұрымтал ол тұсты кәдеге жарата білді. Анарбеков алғашқы соққыны қайтарғанымен, қазақтың қорғаушылары бір сәтке қалғып кетті. Нәтижесінде, есеп 1:0. Анарбеков демекші, Темірлан мен Дамир Қасаболат ұлттық құрамада дебют жасады. Ол-ол ма, «Қайрат» академиясының сегіз түлегі құрама сапында өнер көрсетті. Бірі бапкер Шипилевкийдің тұсындағы ойыншылар болса, ендігісі – Рафаэль Уразбахтин шәкірттері. Не дегенмен «Қайраттың» академиясы жарап тұр.
Айталық, Темірлан Анарбеков 21 жасында құрама қақпасына күзетке тұрды. Ол мұндай мүмкіндікке ие болған ең жас үшінші ойыншы. Өзіне сенімді жігіт Уэльске қарсы матчта да салқынқанды ойнады. Ал Дамир Қасаболат алғашқы таймда бірді-екілі қателік жібергенімен, екінші таймда ширауға тырысты. Одан бөлек, жас буыннан Сәтпаев пен Жұмат та екінші рет көк жейдеде өнер көрсетті.
Орталық шабуылшы жоқ
Белгілі комментатор Ерсін Ерік айтқандай, ұжымға орталық шабуылшы жетпей тұрды. Кімді есіңізге түсіргеніңізді білем. Лихтейнштейнге қарсы матчта, Кардиффтегі бірінші ойында да Абат Айымбетовті алаңнан таппадық. Лихтенштейнмен ойында тізімге енгенімен, қалған екі матчта командаға қосылмады. Не себепті деп сұрағанымызда, бұл маусымда ойын практикасы жоқ, жаңа клуб таппады деген-ді. Айымбетовтің еркін агент болып жүргені рас. Алайда «Астана-Аренада» өткен кездесуде клубы болғанымен, практикасы аз Марат Быстров өнер көрсетті. Ол қазір «Астана» клубының қосалқы құрамында жүр. Сонда Айымбетов әдейі келмеді ме, әлде бапкер Әлиев оны қатарға қосқысы келмеді ме? Оның орнына Оралхан Өміртаевты сынап көрмек болды. Алайда мүмкіндік беретін бапкер джокерді ойын аяқталуға 3 минут қалғанда топқа қоса ма? Естеріңізде болса, «Ақтөбенің» бет-бейнесіне айналған Әлібек Қасым Адиевтың тұсында ұлттық құрамадан орын таппаған-ды.
Шабуылдың мәселесінен кейінгі кезек – жартылай қорғаныста. Сегізінші нөмірді киген Смақов та, одан кейін алған Тағыберген де орталықтың ұйытқысына айналды. Ал Асхат кеткен соң сол нөмірге иелік еткен Рамазан Оразов сол деңгейді көрсете алмай жүр. Оған себеп оның орталықта ойқастай алмайтыны болар. Оның орнында қосқалқы құрамда «Жеңістің» жеңіс туын жықпай жүрген Дінмұхаммед Қараман бар емес пе? Бірақ бапкер жастарға үміт артқандай көрінгенімен, адымдар тұста артқа шегініп кетті. Айтпақшы, аталған матчтың үзілісінде Асхат Тағыберген мен Александр Морочкинге құрмет көрсетіліп, естелік сый табысталды. Себебі Морочкин Литхенштейнмен, Тағыберген Солтүстік Македониямен өткен ойыннан кейін құрамадан кететінін мәлімдеген. Александр ұлттық құрамада 50 ойын өткізсе, Асхат 63 матчқа қатысқан. Соның ішінде 2021 жылдан бері құрама капитаны болды. Оның Дания қақпасын қақырата тепкен голы, Сан-Марионы сілкіп алған соққысы мен Кардиффтегі жұбаныш голы жанкүйер жадында сақталары анық. Сонымен қатар Тағыберген командасына сөзі жүретін, айтқанын іске асыра алатын капитан ретінде танылды. Ал ол ұжымдағы орнын босатқан соң капитан белгісі «Зениттің» ойыншысы Нұралы Әліпке бұйырды. Ол ағасы сияқты даңқты капитан бола алар ма екен, алда көреміз.
Матч аяқталған соң Ғалымжан Кенжебек командаға жеңіс қана жетпегенін атап өтті. «Наурыз айындағы ойын мен қыркүйектегі деңгейді салыстырып көріңіз. Деңгейдің өскені көрініп-ақ тұр», – деді ол. Расымен, Уэльске қарсы екінші таймда жұмыла шабуылдады. Ғалымжан Кенжебектің де алыстан бағыттаған соққысы, кейінгі Ислам Чесноковтың қайта-қайта маңдайшаға тепкені ойынның шырайын кіргізді. Осыдан-ақ ұлттық құраманың түлегені, буын алмасып жатқаны көрінді. Футболшының айтқанындай, тек жеңіс қана жетпегенімен, «доп байғұста күнә жоқ, түзу тепсең, ұшқан күйі қақпаға соғылмай ма?»
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ