Біріккен Араб Әмірліктерінің Фуджейра қаласында таэквондодан (WT) жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатында ел намысын қорғаған елордалық Аятжан Әмірханов елге үлкен жеңіспен оралды, – деп хабарлайды Aikyn.kz елорда әкімдігіне сілтеме жасап.
Жас спортшыны елордада қалалық №3 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Мұхамед-Рахим Ибраев, Олимпиадалық резервті дайындау орталығының басшысы Данияр Төлегенов, достары және туыстары сән-салтанатпен қарсы алды.
«Жарыс жақсы өтті, бірақ өкініш те бар – бірінші орын бұйырмай кетті. Келесі чемпионаттарда бар күшімді саламын. Ең ауыр жекпе-жек Ираннан келген спортшымен болды. Жарысқа жарақатпен шықтым, бірақ намысты қолдан бермей, соңына дейін күрестім. Ендігі мақсатым – жарақаттан толық айығып, Азия чемпионатында жеңіс тұғырынан көріну. Бұл – үлкен еңбек пен табандылықтың жемісі», – дейді Аятжан Әмірханов.
Айта кетейік, дүбірлі додаға 87 елден 811 спортшы қатысқан. 57 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен елордалық Аятжан финалға дейінгі барлық қарсыласын сенімді жеңіп, ақтық сында Иран спортшысына есе жіберіп, күміс медаль еншіледі.
Осылайша, Қазақстан жасөспірімдер құрамасы таэквондодан (WT) әлем чемпионатында жалпыкомандалық есепте екінші орынды иеленіп, ел қоржынына 2 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль салды.