Туризм және спорт министрлігі Астана қаласы №1 БЖМОРСМ тәрбиеленушілерінің (көркем гимнастика бөлімі) «Думан» қонақүй кешенінің залында жаттығуына қатысты мәселеге түсініктеме берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Қазіргі уақытта «Отбасы банк» АҚ спортшыларға аталған залды 2026 жылғы 1 маусымға дейін пайдалануға ұзартты. Бұл оқу-жаттығу жұмысын тұрақты жалғастыруға мүмкіндік берді. Астана қаласы әкімдігінің Дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметіне сәйкес, 1 маусымнан бастап жыл соңына дейін «Сарыарқа» велотрегінің спортзалын жалға алу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Қала әкімдігінің ақпаратына сәйкес, Жангелдин көшесі, 9а мекенжайында орналасқан «Жеңіс» спорт кешенінде көркем гимнастика залына арналған арнайы қосымша құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жоба аясында көлемі 14×14 метр, биіктігі 14 метр болатын екі тұғыр қарастырылған. Нысанды биыл жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Туризм және спорт министрлігі үшін спортшылардың тұрақты дайындық жағдайын қамтамасыз ету – негізгі басымдықтардың бірі. Егер баламалы алаң анықталмаса, қолданыстағы залды одан әрі пайдалану мәселесі балалардың мүддесін ескере отырып, қайта қаралады. Бұл туралы қосымша ақпарат БАҚ арқылы хабарланады. Жағдай министрліктің бақылауында, – делінген министрліктің арнайы мәлімдемесінде.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
