in

Шабандоздар марафоны мәресіне жетті

Жеңімпаздарды марапаттау салтанатына «AMANAT» пар­тия­сының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек, Премьер-Мини­с­трдің кеңесшісі Ералы Тоғ­жанов, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, JORYQ ат спорты федерациясы қамқоршы­лық кеңесінің төраға­сы Әлібек Әл­деней, Ұлттық спорт қауымдас­ты­ғының президенті Еркебұлан Ілиясов және JORYQ ат спорты фе­дерациясының пре­зиденті Бақытжан Тұрлыбеков қатысты.

«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек ұлттық спорт түрлерін дамыту – бұл тек қазақтың салт-дәстүрін сақтау және мәдени мұра­ны насихаттау ғана емес, соны­мен қатар жас ұрпақты тәр­биелеудің маңызды тетігі екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрыл­тай­дың IV отырысында Қазақ­стан көшпенділер өркениетінің бесігі, дамыған орталығы екен­ін, түрлі халықтар мен мәдениет­терді біріктіретінін айтты. Мұн­ың жарқын мысалы – елімізде өткен V Дүниежүзілік көшпенді­лер ойындары. «AMANAT» пар­тиясы бұл бағытта ауқымды жұ­мыс атқаруда. Партия жыл сайын халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесін ұйымдастыру­ға атсалысады. Біз қоғамды ұлт­тық мәдени-тарихи құн­дылықтар төңірегінде топ­тас­тыруға ұмтыла­мыз. Сонымен қатар Қазақстанда этнотуризмді дамыту аса маңыз­ды. Партия­мыз­дың «Ұлттық мұра» жобасы жас­тарды отан­шыл­дық рухта тәр­биелеуге, ұлт­тық спорт­ты, мә­дениетімізді, өнеріміз бен салт-дәстүрімізді дәріптеу ар­қылы қастерлі құнды­лықтары­мыз­ды дамытуға бағыт­талған», – деді Дәулет Кәрібек.

Бес күнге созылған марафон нәтижесінде бірінші орынды Астана қаласының командасы иеленді. Олар 500 шақырым қаш­ықтықты 31 сағат 19 минут 5 секундта жүріп өтіп, төзімділігі мен шеберлігін дәлелдеді. Екін­ші болып мәре сызығын 32 сағат 26 минут 57 секундта Қырғыз­стан­ның (бірінші) командасы кесіп өтті. Ал жүлделі үшінші ор­ын­ды Ұлытау облысының ком­андасы иеленді. Олардың уа­қыт көрсет­кі­ші – 32 сағат 37 минут 47 секунд.

Биыл жарысқа Мажарстан, Иран, Қырғызстан, Ресей және Оңтүстік Африка Республика­сынан келген шабандоздарды қоса алғанда, барлығы 19 коман­да қатысты. Алайда мәреге тек 5 ком­анда ғана жетті. Бұл – аса қа­­тал тәртіп пен жарыс жолы­ның қан­шалықты қиын екенінің жар­қын дәлелі.

Қазақстан мен шетелдің ең үз­дік шабандоздары бас қосқан «Ұлы дала жорығы» марафоны ұрпақтар сабақтастығының, қай­т­­пас қайсар рухтың және ұлт­тық құндылық­тары­мызға, дара дәс­түрі­­мізге деген құрмет­тің сим­волына айналды. Бұл – елі­міз­дің спорттық және мәдени күн­тіз­бе­сіндегі ең маңызды оқи­ға­лардың бірі.