in

«Шаршы алаңға эмоциямен шықтым»: Айбек Оралбай өзбек боксшысымен өткен жекпе-жегі туралы айтты

Ұлыбританияда өткен бокстан әлем чемпионатында жоғары нәтижеге қол жеткізген Қазақстан ұлттық құрамасы елге оралды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Almaty.tv арнасына сілтеме жасап.

Ерлер командасын Астанадағы халықаралық әуежайдан жанкүйерлер, спортшылардың туыстары мен достары қарсы алды. Байрақты бәсекеде ұлттық құраманың капитаны Айбек Оралбай ерекше көзге түсті. Ол көп жылдан бері өзбек боксшылары үстемдік етіп келген салмақта қарсыластарын қапы қалдырып, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Чемпион ел намысын қорғауды мақсат тұтқанын айтты.

«Командалық есепте бірінші орынға талас болды. Сондықтан үлкен жауапкершілікпен шықтым. Ағайларым қыздырынып жатқан кезде «Айбек, соңғы жекпе-жегің деп ойла» деп жігер берді. Өйткені өзбектермен есеп 6-6,  мен жеңсем, командамен бірінші орын аламыз. Эмоциямен рингқа шықтым, тек ұтысқа деген құштарлық биледі», – деді бокстан әлем чемпионы Айбек Оралбай.

Әлем чемпионатына 68 елден 540 спортшы қатысып, Қазақстанның ерлер және әйелдер құрамасы өз тарихындағы үздік үшінші нәтижесін көрсетті. Жерлестеріміз 7 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте үздіктер қатарынан табылды. Ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов боксшылар тарапынан да қателіктер кеткенін ашық мойындап, алдағы уақытта дайындықты күшейтетінін атап өтті.

«Қай бала тыңғылықты дайындалып келеді, сол жеңеді. Тактикалық жағынан дұрыс қойсақ, теңбе-тең деп айтуға болады. Өздеріңіз көрдіңіздер, 4 спортшы жеңіліп қалды. Бірақ Нұрбек жеңуі керек еді. Қателіктеріміз бар, жұмыс істейміз. Бәрін жазып, белгілеп алдық», – деді бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.