Биылғы науқаннан бастап легионерден түбегейлі бас тартқан жергілікті клубтың келешегіне алғашында күмәнмен қарағандар аз болмады. Алайда қаржы үнемдеу мақсатында батыл қадамға барған қызылордалық команда жаман нәтиже көрсетіп жүр деп айтуға келмейді.
Бұған дейін түрлі қиындықтан көз ашпаған қызылордалық клубтың болашағына көпшілік күмәнмен қарады. Ең бергісі, клубтың қаржылық мәселесі шешімін таппай, жүйелі ойын өрнегін көрсетуіне көп кедергі келтіргені ел есінде.
Осы орайда сәл кейінге шегініп, клубтың тарихына көз жүгіртіп көрейік. Мәліметке сәйкес, жергілікті команда 2016 жылы қаржылық қиындыққа тап болды. Соның салдарынан бірінші лигаға түсіп қалған клуб үлкен еңбектің арқасында премьер лигада ойнауға қайта мүмкіндік алды. Нәтижесінде, 2017 жылы үздік алтылықтан көрініп, жоғары ойын өрнегін таныта білді. Сол кезеңде клубта жоғары деңгейлі легионерлер доп тепті. Олардың қатарынан бір кездері Аякс клубының мақтанышы болған Джон Джошуа, Армения құрамасының ойыншысы Тигран Барсегян, Андерлехттің түлегі Куле Мбомбо сияқты мықтыларды ерекше атап өтуге болады. Сонымен қатар Сыр футболының мақтанышына айналған Мақсат Байжанов, Асхат Тағыберген секілді аяқдопшылардың ойын өрнегі өз алдына бір төбе.
Сол кездері қаржылық қиындықтың құрсауында қалған команда көптеген кедергіге тап болды. Тіпті, жаңа ойыншылар алуға шектеу қойылып, «трансферлік банға» іліккен кездері де бой көрсетті. Соған орай қиындықтан шығудың түрлі тетігі қарастырыла бастады.
Жанкүйерлер жадында болар, былтыр ел аузында сырбойылық клубтың сатылымға шығарылғалы жатқаны жайында ақпарат желдей ескен болатын. Мұны сол кездері клуб басшылығы да растап, тіпті клуб пен оның базасының құны 1,6 млрд теңгеге бағаланып отырғанын да жеткізген еді. Осы арқылы сатып алушы тарап команданың 51 пайыз меншік иесі атанса, қалған 49 пайызын мемлекет меншігіне қалдыру жоспарланып отырғанын да түсіндірген. Алайда бұл ақпарат бойынша нақты нәтиже болған жоқ.
Бертін келе Қызылорда облысы әкімінің табанды шешімімен «Қайсар» клубы легионерлерден түбегейлі бас тартты. Бұл жанкүйерлерге бірінші кезекте қаржы үнемдеуге негіз болатын батыл бастама ретінде түсіндірілді. Футбол жанашырлары мұны құптарлық қадам ретінде қабылдап, «Дала қасқырларының» сыналатын да, шыңдалатын да сәті туғанын айтып жатты.
Футбол клубтарын жекешелендіру бойынша Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында да кеңінен көрініс тапқаны белгілі. Соның ішінде еліміздегі футбол клубтарын жекешелендіру ісін күшейтуді тапсырған болатын. Соған сәйкес, ашық дереккөздерден кейбір өңірлерде жергілікті клубтарды жекешелендіру бойынша тиісті жұмыстар жүргізіле басталғаны айтылып жүр. Оның қатарында қызылордалық команданың да аты аталып қалды.
Соған сәйкес, клуб басшылығынан «Қайсар» футбол клубы төңірегінде айтылып жүрген ақпараттың ақ-қарасын анықтап көрдік. Жергілікті клубтың баспасөз қызметі әзірге команданы жекешелендіру бойынша қандай да бір жұмыс жүргізіліп жатпағанын мәлімдеді.
«Жалпы, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында клубтарды жекешелендіру арқылы қазақ футболын дамытуда нақты нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік кеңейетінін жеткізген болатын. Бұл ұсынысты ел клубтары түбегейлі қолдайды. Оның қатарында «Қайсар» футбол клубы да бар. Негізінен, клубтарды жекешелендіру арқылы әр клуб өзінің академиясын құруы керек. Осы ретте елімізде әзірге екі академияны атап өтуге болады. Оның бірі – алматылық «Қайрат», екіншісі – шымкенттегі «Оңтүстік» академиясы. Жалпы, осындай нәтиже еліміздің барлық клубына қажет деп есептеймін. Жоғарыда айтып өткенімдей, қызылордалық «Қайсар» клубы да Президент Жолдауында айтылған басым бағытты қолдайды. Алайда дәл қазір клубты жекешелендіру бойынша нақты ақпарат жоқ. Дей тұрғанмен, алдағы қазан немесе қараша айларында бұл бағыттағы жұмыстар нақтыланады деген ақпарат бар. Егер де «Қайсар» жекеменшікке өтіп жатса, бірінші кезекте өзінің академиясын құрады деген жоспар бар. Сол арқылы сырбойылық команда алдағы ел чемпионатының турнир кестесіндегі жағдайын жақсартып қана қоймай, еурокубоктық бәсекелерге қатысуға мақсат қоятын болады», – дейді клубтың баспасөз хатшысы Ерасыл Шәрібек.
Негізінен, футбол сарапшыларының айтуынша, Америка мен Еуропаның кәсіпқой футбол кеңістігінде клубтарды жекешелендіру, инвесторлар есебінен қаржыландыру жүйесі бұрыннан қолданыста бар. Бұл әлемдік тәжірибеде өзінің тиімділігін де көрсетіп отырғанын алға тартады. Яғни, демеушілер тарапынан клубтардың нәтижелі ойыр көрсетуіне жағдай жасалатыны дәлелденген. Сондықтан біздің елде де мұндай жүйеге кезең-кезеңімен көшірілу құптарлық бастама деп есептейді.
«Қазірдің өзінде «Қайсар» футбол клубы балалар футболын дамытуда бес жылдық жобасын әзірледі. Оның ішінде еуропалық белгілі клубтармен, атап айтқанда, Түркияның «Башахшекир», «Галатасарай» және «Фенербахче», Болгарияның «Лудогорец» сынды клубтарымен тәжірибе алмасу көзделіп отыр. Соның нәтижесінде жергілікті бапкерлер де шеберлігін шыңдап, ел футболын дамытуға жұмыс жүргізетін болады. Сол сияқты биыл жастармен жұмыс істейтін футбол орталықтарына да көңіл бөлініп жатыр. Осы орайда 2012 жылғы жасөспірімдеріміз үздік үштікке еніп, тарихта тұңғыш рет жүлдегер командалардың қатарынан табылып жатқанын ерекше атап өтуге болады. Сондай-ақ биылдан бастап тек қазақстандық ойыншылармен жасақталып, жарыс жолына шыққан қайсарлықтарға премьер-лигадағы орнын сақтап қалу мақсаты жүктелген еді. Командамыз бұл межені 100 пайызға орындап жатыр деп асқан сенімділікпен айта аламыз. Алдағы кезеңге жоспар көп. Келер жылы жергілікті клуб жаңа стадионда жанкүйерлер үмітін ақтап, еврокубоктық ойындарға жолдама алуға жұмыс істейтін болады», – дейді Ерасыл Шәрібек.
Қалай дегенде де, елімізде тұңғыш легионерсіз, қазақстандық ойыншылардан құралған сырбойылық команданың бүгінгі қарымы көңіл қуантады. Жекешелендіруге қатысты алдағы жоспарлы жұмыстар жүйесін тапса, қарадомалақтарымыз аяқдоп аламанында әлі талай жетістікке жететініне сенім зор.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы