in

«Қорықпай сабады»: Олимпиада чемпионынан ұтылған қазаққа жанкүйерлер қолдау білдіріп жатыр

Қазақстандық боксшы Ертуған Зейнуллинов Ливерпульде өткен 2025 жылғы әлем чемпионатының ширек финалында өзбек боксшысы, Олимпиада чемпионы Асадхужа Муйджиновтан жеңілгеннен кейін мәлімдеме жасады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

“Ассалаумағалейкум, қазақ елі!
Барымды салдым, өздеріңіз көргендей, бәрі де Алланың қалауымен болды. Әділ төрелік жасалды ма, жасалмады ма – оны бағалау сіздердің қолыңызда. Ең әуелі – Аллаға шүкір! Бапкерлеріме шексіз рақмет, оларсыз бұл жолға жете алмас едім. Халқыма қолдауларыңыз үшін мың алғыс! Сіздердің сенімдеріңіз – маған ең үлкен күш. Бұл тек бастамасы ғана, алда бұдан да биік белестер бар. Қазақ елінің абыройын асқақтату үшін тер төгуді жалғастыра беремін!”, – деп жазды боксшы Е. Зейнуллинов.

Жазбаның астында көптеген адам қолдау білдіріп, бұл жолғы жекпе-жектің әділ болмағанына наразылығын білдіріп жатты.

“Өзбекті аямай сабаған қазақ – сенсің”, “Негізі алтын сенікі еді”, “Бокстан көңіл қалғалы қашан…” деген сияқты пікірлер көп.

Айта кеткен жөн, жекпе-жек барысында екі раундта да ұйымдастырушылар таблодағы есепті жанкүйерлерге көрсетпей, тек үшінші раунд аяқталған соң экранға шығарды. Тіпті шаршы алаңда жүрген төреші де байқамай, жеңімпаз ретінде Ертуғанның қолын көтере жаздады.