Алматылық “Қайрат” клубының жас қақпашысы Шерхан Қалмұрзаның футболға деген қызығушылығы мен спортқа деген алғашқы қадамы жайлы анасы Сәуле Рабаева әңгімелеп берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты 1bol.kz сайтына сілтеме жасап.
Сәуле Рабаеваның айтуынша, ұлының футболшы болуына, ең алдымен атасы Еділхан Рабаев себепкер болған. Ол кезінде футбол ойнаған әрі бапкерлікпен айналысқан жан. Қазір де балаларға арналған жеке мектебі бар.
“Әкем Еділхан Рабаев – футболға жақын, кезінде өзі де ойнаған әрі бапкер болған кісі. Шерханның спортқа қадам басуына да себепкер – сол кісі. Бүгінде өзі балаларды жаттықтыратын жеке мектебі бар”, – деді анасы.
Шерхан бала кезінен өте ширақ әрі спортқа бейім болып өскен. 4 пен 7 жас аралығында джиу-джитсуға қатысып, жақсы нәтижелер көрсеткен.
“Шерханның кішкентайынан бойы ұзын, денесі ірі болды, жарыстардың бірінде оны өзінен бірнеше жас үлкен балалармен жекпе-жекке шығарды, екеуін жеңді, сөйтіп 12 жасар қарсыласынан ұтылып қалып, әбден ызаланып, жылағаны бар. Ашуланып, баламды үйірмеден алып кеттім, бөтен біреудің әділетсіздігінің құрбаны болғанын қаламадым, әйтпесе жап-жақсы нәтижелер көрсетіп жүрген. Жарыстан келген соң әкем немересін футболға беруді қалайтынын айтты. Біздің әулетте ұл бала жоқ, үш қызбыз. Бірақ әкем маған кішкентайымнан футбол ойнауды үйреткен. Өзім спортқа құмар болсам да, кәсіби жалғастыра алмадым”, – дейді Сәуле Рабаева.