in

32 жылдан кейін оралған тарихи жеңіс: Отандастарымыз садақ атудан әлем чемпионатында жүлде алды

32 жылдан кейін садақ атудан отандастарымыз әлем чемпионатында жүлде алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Садақ атудан Оңтүстік Кореяның Кванджу қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында ел қоржынына алғашқы медаль түсті.

Компаунд бағдарламасы бойынша Адель Жексенбинова, Виктория Лян, Роксана Юнусова бастаған командамыз қола жүлде үшін таласта Ұлыбританияны 232:228 есебімен жеңіп кетті.

Бұған дейін ел тарихында 1993 жылы классикалық садақ атудан әйелдер сайысында Яна Туниянц қола жүлдегер атанған еді.

Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов:

“Садақ атудан әлем чемпионатында тарихи жүлде жеңіп алған Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары мен жаттықтырушылар құрамын шын жүректен құттықтаймын!

Аделя Жексенбинова, Виктория Лян және Роксана Юнусова секілді спортшыларымыз жаһандық додада өздерінің шеберліктері мен жеңіске деген жігерін көрсетіп, 32 жылдан кейін аталған спорт түрінен ел қоржынына жүлде салды.

Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде спорт саласын жаңғырту жұмыстары кең ауқымда жүргізіліп жатыр. Бұл – саланың тиімділігін арттыруға және жаңа чемпиондарды тәрбиелеуге бағытталған маңызды бастама. Бүгінде отандық спорт жаңа қарқынмен дамып келеді.

Бұл жеңіске садақ ату федерациясының президенті Азамат Үсімбеков пен Бас хатшы Есет Байтасовтың қосқан үлесін атап өткен жөн. Олардың басшылығымен Қазақстанда садақ атумен 7 мыңнан астам спортшы айналысады, бұл спорт түрі еліміздің 15 өңірінде белсенді дамып келеді.

Аталған жетістік Қазақстанда садақ ату спортының берік іргетасы бар екенін және халықаралық аренада жаңа жеңістерге жетуге зор әлеуеті бар екенін айқын көрсетеді”,- деді.