in

“Grand Slam”: Астанада дзюдодан беделді халықаралық турнир басталады

Астанада 9-11 мамыр күндері дзюдодан әлемдік рейтингтік “Qazaqstan Barysy Grand Slam” турнирі өтеді. Бұл жарыс елімізде осымен үшінші рет өткелі жатыр. Қазақстан дзюдо федерациясы мен IJF арасындағы келісімге сәйкес, Қазақстан бұл турнирді 2026 жылға дейін өткізеді. Бұл туралы әлемдік турнирге байланысты өткен баспасөз конференциясында Қазақстан дзюдо федерациясының атқарушы директоры Айбек Имашев айтты, – деп хабарлайды Аikyn.kz сайты. 

“Әрбіреуің алтын иеленуің керек” деп міндеттемедік. Олар оны онсыз да біледі, жеңіске ұмтылатыны хақ. Боз кілемге шыққан соң болса болды, болмаса қол сілтей салатын дүние емес. Спортшыларымыз барын салады, сондықтан жақсы нәтиже көрсетеді деген сенімдеміз, – дейді Айбек Имашев.

Оның айтуынша, дзюдошылардың бұл жарысқа дайындығы өте мықты. Арасында жас спортшылар көп болса, оларға артылған үміт те соншалықты зор. 

Қазақстан намысын 40 спортшы қорғайды. Татами шеберлерінің арасында Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев пен Grand Slam-ның 8 жүлдегері бар. 

Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) ережесіне сәйкес, жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне әлемдік және олимпиадалық рейтингтерге ұпайлар қосылады. 1-орын – 1000 ұпай, 2-орын – 700 ұпай, 3-орын – 500 ұпай беріледі. 

Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтетін бұл бәсекеге әлемнің 49 елінен 426 спортшы тіркелген. Қатысушылар қатарында Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері Нагасе Таканори (Жапония), Рафаэла Сильва (Бразилия), Беатрис Соуза (Бразилия), Ғұсман Қырғызбаев (Қазақстан), Целидис Теодорос (Грекия) және әлем чемпионаттарының жеңімпаздары Нилс Штумп (Швейцария), Тамаоки Момо (Жапония), Неманья Маидов (Сербия) бар.

“Qazaqstan Barysy Grand Slam” тікелей көрсетілімі Qazsport телеарнасында өтеді.