Бұл қашықтықта Қазақстан құрамасының атынан Яна Хан мен Ольга Тихонова бақ сынады. Ольга Тихонова іріктеу кезеңінің алғашқы жарысында төртінші болып мәреге жетіп, ширек финалға өте алмады. Айта кетейік, бұл кезеңге әр жарыстан екі үздік спортшы, сондай-ақ үшінші орын алғандардың ішінен ең жақсы уақыт көрсеткішін тіркеген төрт шорт-трекші жолдама алады.
Ал Яна Хан жарыс барысында құлап, төртінші орынмен шектелді де, осы қашықтықтағы өнерін аяқтады.
Қыздардың ізін жалғап, Денис Никиша да өнер көрсеткен еді. Алайда қысқы Олимпиаданың 1/4 финалына өте алмады. Спортшымыз өзінің төртінші Олимпиадасын 1000 метр қашықтықтан бастады. Осылайша, өз іріктеу жарысында үшінші нәтиже көрсетті. Нәтижесінде, Денис Никиша барлық жарыс аяқталғанға дейін ширек финалға шығу мүмкіндігін сақтады. Алайда соңында ол 1/4 финалға өте алмады. Әйтсе де, Денис Никишаның негізгі қашықтығы – 500 метр. Сондықтан әлі де мүмкіндік бар.
Бұған қоса, шорт-трекшілеріміз командалық жарыста да сәтсіз өнер көрсеткенін айта кетуіміз керек.
