in

Күй төңірегіндегі дау

Себебі туынды авторы Бауыржан Ақтай «шығармаларымды би қою үшін жазбаймын» деп кесіп айтты. Автордың алдынан өтіп, рұқсат сұрамағанына наразы. Ал бапкер Меруерт Балғынбаева 22 жылда бірінші рет осындай жағдаймен бетпе-бет келгенін айтады.

Даудың  басы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласындағы көркем гимнас­тикадан өткен Әлем чемпионатында басталған. Құраманы бұл бәсекеге білік­ті бапкер Меруерт Балғынбаева баптады. Хореграф – Шыңғыс Әсетұлы. Ол «Алаш аманаты» күйіне би қойған. Ұжым осы бағдарламаны дайындау үшін 1,5 жыл уақыт жұмсаған. Бапкердің айтуынша, әсіресе лентамен шаңырақ құрып, оның құлағанын келтіру қиынға соққан. 

Жалпы, қыздар осы күймен алғаш рет Әзербайжанда өткен әлем кубогын­да жүлделі орын алған. Ташкенттегі әлем кубогында да осы композицияны пайдаланған. Мамыр айында Синга­пурде өткен Азия чемпионатында топ жарғаны бар. Олардың қатарында Аида Хәкімжанова, Жасмин Жүнісбаева, Мадина Мырзабай, Айзере Кеңес, Айзере Нұрмағамбетова мен Кристина Чепульская. Дәл осы триумфтан кейін Меруерт Балғынбаева бірнеше арнаға сұхбат беріп, күйден рухтанғанын, әр қазақтың «Алаш аманатын» арқалау жолындағы миссиясы әртүрлі екенін атап өткен-ді. 

«Шығармаларымды би қою үшін жазбаймын. Бұл – менің ұстанымым. Түсіністікпен қарасаңыздар деймін. Мен арызқой да, пайдакүнем де емес­пін. Бірақ шығармамды рұқсатсыз пай­даланғандарына қарсымын. Шығар­маны таңдағанда алдымен талдау жасау керек. Автор тірі болса, рұқсат алу қа­жет, өмірден өткен болса, мұрагер­лері­нен келісім сұралуға тиіс. Бұл жағдайда ешқандай рұқсат сұралмаған», – деді композитор Бауыржан Ақтай.

Күй авторының айтуынша, жаттық­тырушы мен хореограф кез келген қойы­л­ымды сахналау кезінде пайдала­натын музыканы сүзгіден өткізуі керек. Әсіресе, автор құқығы сақталуға тиіс. Бұл жерде туынды иесі, біріншіден, автор құқығының сақталмағанына наразы. Екіншіден, күйді би қою үшін жазбағанын кесіп айтты. 

Осы тұрғыда келгенде, Балғын­баеваның айтуынша, Гимнастика фе­дер­ациясы мұндай жағдаймен бірінші рет бетпе-бет келген. Бұған дейін ешбір әуен иесі автор құқығы туралы шағым түсірмеген. Әрі көркем гимнастика бапкерлері шетел музыкасы мен қазақ әуенін мейлінше қолданған. Бірақ кейінгі жылдары қай спорт түрі болсын автордан рұқсат сұрау керегі айтылып жүр. 

Мұндай жағдайда талай сында топ жарып жүрген Балғынбаева шәкірттері қайтпек? Алдымен, композитор Бауыр­жан Ақтайдың  айтқанын орындап, «Алаш аманатын» бағдарламадан алып тастады. Бапкердің айтуынша, жаңа композицияны бағдарламаға икемдеу жұмысы басталып кеткен. 

«Күйдегі Әлихан Бөкейханның «Қа­заққа қызмет етпей қоймаймын» деген сөзі қандай әсерлі?! Маған да осы тұсы қатты ұнады. Оның үстіне, жанкүйер тарапынан «қазақ бола тұра, неге қазақ­ша әуенге билемейді» деген сын айтыл­ды. Расында да, қаншама жыл басқа елдің әуенімен өнер көрсетіп жүрміз. «Неге әлемдік додаларда қазақтың күйін әуелетпеске» деп осы компо­зи­цияға нөмір дайындадық. Негізі, қыз­дар­ға образды ашу үшін Алаш тарихын оқуға кеңес бердім. Өзім  «Оян қазақ» фильмін көрдім. Жалпы, қазір елімізде 10 мыңнан астам қыз көркем гимнас­тикамен айналысады. Кейде бір нөмірде 4-5 әуенді пайдаланамыз. 10 мың қыз жаттығады десек, әр қыз төрт бағдар­ламада өнер көрсетеді. Сол бағдарлама ішінде кем дегенде 10 композитордың еңбегін пайдаланамыз. Сонда 10 мың қыз 100 мың композицияны алуы мүм­кін. Жаттықтырушылар компози­тор­лардың артынан жүре ме, әлде бала­ларды жаттықтыра ма? Бірақ бұдан былай отандық композиторлардан рұқсат сұраймыз», – деді бапкер Меруерт Балғынбаева. 

Білікті бапкер композитордың «билейтін туынды емес» деген сөзінің төркінін қыздардың костюмімен байла­ныстыратынын айтады. Оның сөзінше, қыздардың осы костюмі 300 мың теңге тұрады. Ал жаңа киім тігу тағы да шы­ғын. Сондықтан басқа әуен тауып, бағ­дарламаны соған лайықтайды. 

Осы даудан кейін ел ішінде пікір екі­ге жарылды. Бірі композитор шешім­ін даттаса, кейбірі бапкердің автор құқығын бұзғанын алға тартады. Ішінде «Бұл күйді тойда да қосып жатады, одан да әлемдік аренада орындалғаны құп емес пе?» деген пікір де бар. «Қандай болса да, автор құқығынан аттап кетуге болмайды» деп бекінгендер де жетерлік. Бұл даудың төрешісі кім екенін де топшылай алмадық. Себебі мәдениет­тану­шылар мұндай пікірталастан бойын аулақ салуды құп көріп отыр. Десе де, «Біріңді  қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» дейтін Абайдың сөзі ойға оралады. Көп өтпей екі жақ та шешімін табар. 

Негізі, көркем гимнастика мен мә­нерлеп сырғанау спортында гимнасттар әртүрлі әуенге «құда» түседі. Көбінесе, мәнерлеп сырғанаушылар Димаш Құдайбергеннің әніне бағдарламаға қосады. Тек ел ішінде емес, шетелде де аталған әншінің дауысын «пайда­ла­нады». Мысалы, 2020 жылы жапон фи­гурисі Тсуеши Хонда Димаштың орындауындағы «S. O.S. d’un terrien en detresse» әнін бағдарламасына қосты. 2024 жылы жас саңлақ Артур Смағұлов Қытайда өткен жастар арасындағы гран-приде Димаштың орындауындағы «Adagio-ны» еркін бағдарламаға енгізді. Харбинде өткен Азия ойындарында Софья Самоделника аталған әншінің Ave Maria және Stranger әнін  еркін бағдарламасына арқау етті. 

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ