in

Теннисші Елена Рыбакина жанкүйерлерін тағы да қуантты

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина турнирдің төртінші айналымында әлемдік рейтингте 68-орында тұрған аустралиялық 21 жастағы Талия Гибсонмен кездесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұл екі спортшы бұған дейін бір-бірімен ойнамаған. Соңғы уақытта жарқын өнер көрсетіп жүрген Гибсон аталған Майами турнирінде сенсация жасап, ТОП-20 құрамындағы жапониялық Наоми Осака мен америкалық Ива Йовичті жарыстан шығарған болатын.

Бірақ бұл кездесуде Рыбакина айқын басымдық танытты. Бірінші сетте қазақстандық теннисші екі брейк жасап, 6:2 есебімен жеңіске жетті. Екінші партияда есеп 2:2 болған тұста тағы бір брейкпен алға шықты. Кейін тағы бір брейк жасап, матчты эйспен аяқтады. Есеп 6:2.

1 сағат 5 минутқа созылған ойында Рыбакина 7 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың төртеуін сәтті пайдаланды. Ал Гибсон 1 эйс жасағанымен, бірде-бір брейк мүмкіндігін жүзеге асыра алмады.

Енді жартылай финал жолдамасы үшін Елена Рыбакина әлемнің 5-ракеткасы, америкалық Джессика Пегуламен кездеседі. Пегула өз кезегінде төртінші айналымда румыниялық Жаклин Кристианді 6:4, 6:1 есебімен жеңді.

Айта кеткен жөн, бұған дейін Индиан-Уэллс турнирінде Рыбакина Пегуланы 6:1, 7:6 (7:4) есебімен ұтып, басымдық танытқан еді.